Болат Өтемұратов OLX-ті сатып алды

Beeline Қазақстан OLX халықаралық платформасының Қазақстандағы бизнесін OLX Global B.V. компаниясынан толық сатып алды. Мәміле құны 81 миллион доллар болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Beeline Қазақстан VEON халықаралық холдингінің құрамына кіреді. Миллиардер, «Верный Капитал» компаниялар тобының инвесторы Болат Өтемұратов та мәмілеге қатысты пікір білдірді.

– Біз OLX-тің ауқымын кеңейтіп, оның мықты тұстарын сақтап, технологиялық мүмкіндіктерін күшейткіміз келеді, – деді Өтемұратов.

Не сатып алынды?

OLX Қазақстандағы белсенді интернет пайдаланушылардың 52 пайыздан астамын қамтиды. Платформаны ай сайын шамамен 9 миллион адам қолданады. Онда тауарлар, автокөліктер мен жылжымайтын мүлік сатылады, сондай-ақ түрлі қызметтер ұсынылады.

Компанияның жылдық табысы 28 миллион доллардан сәл асты.

VEON OLX-ті қаржы және медициналық сервистерді, білім беру мен ойын-сауық платформаларын біріктіретін цифрлық экожүйесіне қосуды жоспарлап отыр.

Холдинг бұған дейін Украинадағы Uklon такси сервисі мен Tabletki.ua дәрі-дәрмек маркетплейсін, сондай-ақ Пәкістандағы TPL Insurance сақтандыру компаниясын сатып алған.

Beeline Қазақстан OLX-ті сатып алу жоспарын 2025 жылдың қазан айында жариялаған еді. Сервис жұмысында іркіліс болмауы үшін OLX Group біраз уақыт оның IT-жүйелеріне қызмет көрсетуді жалғастырады.

Контекст

Еске салайық, 2025 жылы OLX, Krisha.kz және Kolesa.kz платформалары прокуратураға алаяқтарға тиесілі 5 мыңнан астам аккаунтты бұғаттауға көмектескен.