Ресей, Украина және АҚШ соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздердің жаңа кезеңіне дайындалып жатыр

topwar.ru

Ресей, Украина және АҚШ соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздердің жаңа кезеңіне дайындалып жатыр. Үш ел өкілдерінің кездесуі 10 қарашада Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасында басталуға тиіс. Келіссөздің өтетін күнін Ресей Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Владимир Путин мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Келіссөз қашан өтеді?

Путиннің айтуынша, үш елдің өкілдері сейсенбі, 10 қарашада Абу-Дабиде бас қосуға тиіс.

«Келесі аптада, сейсенбіде Араб Әмірліктерінде Украина мәселесіне қатысты үшжақты келіссөз басталуы керек», – деді ол.

Ресей президенті делегацияларды қабылдауға дайындық білдіргені үшін БАӘ басшылығына алғыс айтты.

Бұған дейін Украина тарапы келіссөздің екі күнге, яғни 10–11 қарашаға жоспарланғанын хабарлаған.

Келіссөзге кімдер қатысады?

Путин Қауіпсіздік кеңесінің отырысына алдағы келіссөзге қатысатын шенеуніктерді шақырғанын айтты.

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, жиынға президенттің көмекшілері Владимир Мединский мен Юрий Ушаков, сыртқы істер министрінің орынбасарлары Михаил Галузин мен Сергей Рябков, Бас штабтың Бас басқармасының бастығы Игорь Костюков және Бас штаб өкілі Юрий Жигарловский қатысқан.

Дегенмен Ресей делегациясының толық құрамы әзірге нақтыланған жоқ.

«Украинская правда» басылымының мәліметінше, Украина делегациясын Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров басқарады.

Келіссөзге Украина президенті кеңсесінің басшысы Кирилл Буданов та қатысады.

Кездесуден не күтіледі?

Киев алдағы келіссөздің соңғы әрі шешуші кездесу болмайтынын атап өтті.

Будановтың айтуынша, тараптардың басты мақсаты – соғысты тоқтатуға мүмкіндік беретін келісімдерге бір қадам жақындау.

«Бұл соңғы келіссөз емес және түпкілікті шешім қабылданатын кездесу де болмайды. Біз талқылайтын барлық мәселе жалғасып жатқан соғысты тоқтатуға дайындықты қамтамасыз етуге бағытталады», – деді ол.

Алайда Буданов кездесудің қандай нәтижемен аяқталатыны туралы болжам жасаған жоқ.