Атырау облысында Toyota Sienna мен Niva көліктері соқтығысты. Жол апатынан бір адам қаза тауып, көліктердің бірі толық өртеніп кетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жол апаты 7 қарашада Атырау – Индер тасжолының 17-шақырымында болған. Тасжолда Toyota Sienna мен Niva көліктері соқтығысқан.
Қатты соққы салдарынан Niva жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Ал Toyota Sienna жол апатынан кейін түгелдей өртеніп кеткен.
Құқық қорғау органдары жол апаттарының негізгі себептері жылдамдықты шамадан тыс асыру, қарсы бағытқа шығып кету және қауіпті басып озу екенін еске салды.
Полиция жүргізушілерді жол ережесін қатаң сақтауға және бірнеше минут уақыт үнемдеймін деп өміріне қауіп төндірмеуге шақырды.
Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысында Toyota Camry көлігі екі адамды қағып кеткен еді.
Салдарынан 58 жастағы әйел жедел жәрдем жеткенше көз жұмды. Ал жарақат алған 69 жастағы ер адам ауруханаға жеткізілді.