Астанада TikTok-та тікелей эфирде балағат сөз айтқан ер адам қамауға алынды

әлеуметтік желі

Астанада TikTok-та тікелей эфирде бейәдеп сөздер айтқан ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сот оның әрекетін ұсақ бұзақылық деп таныды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиғаның мән-жайы

Оқиға 7 қарашада сағат 00:30 шамасында болған. Ер адам елорда тұрғынының TikTok желісіндегі тікелей эфиріне қосылып, балағат сөздер айта бастаған.

Іс сотқа дейін жетіп, оның әрекеті қоғамдық тәртіпті бұзу және азаматтардың тыныштығына қол сұғу деп бағаланды.

Ер адамның кінәсі тікелей эфирдің бейнежазбасы, жәбірленушінің айғақтары, полиция жинаған материалдар және өзінің кінәсін мойындауы арқылы дәлелденді.

Неліктен қамауға алынды?

Сот отырысында ер адам кінәсін мойындады. Сондай-ақ, оның бұған дейін мұндай құқықбұзушылық үшін жауапқа тартылмағаны анықталды. Іс бойынша жазаны ауырлататын мән-жайлар тіркелмеді.

Заң бойынша ұсақ бұзақылық жасағандарға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу, 20 сағаттан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе 5 тәуліктен 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.

Ер адам кінәсін мойындағанына қарамастан, сот оның әрекетін қоғамда қалыптасқан тәртіп пен әдеп нормаларын ашықтан-ашық сыйламау деп бағалады.

Нәтижесінде оған заңда көзделген ең қатаң жаза – 10 тәулік әкімшілік қамау тағайындалды.

Сізге қызық болуы мүмкін