Өскемендегі ауаның ластануын айыппұл неге тоқтата алмай отыр

Ulysmedia коллажы

Экология министрлігі «Қазцинк» кәсіпорнының табиғатты қорғау заңнамасын бұзып отырғанын мойындайды. Алайда Өскемендегі ауаның ластануын қалай тоқтатуға болатыны туралы сұраққа тексеру жүргізу мен айыппұл салу шараларын атаумен шектелді. Министрліктің вице-министрі Жомарт Әлиевтің айтуынша, заңнама нақты бір кәсіпорынның жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік бермейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Айыппұл салынып жатыр, нәтиже ше?

Өскемендегі ауаның ластану мәселесі Қазақстан шекарасынан асып кетті. Жақында Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны Наталья Бугрова «Қазмырыш» акцияларының 70 пайызға жуығына иелік ететін швейцариялық Glencore корпорациясының бас кеңсесі алдында жеке пикет өткізді.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер Экология министрлігінің өкілдерінен кәсіпорын неге тұрақты түрде айыппұл салынғанына қарамастан, жылдар бойы экологиялық талаптарды бұзып келе жатқанын сұрады. Сондай-ақ ауаның ластану мәселесін шешпейтін жазалау шараларымен билік тағы қанша уақыт шектелетінін білгісі келді.

Экология вице-министрі Жомарт Әлиев «Қазмырыш» кәсіпорнының табиғатты қорғау заңнамасын шынымен бұзып отырғанын растады. Кәсіпорын жоспарлы және жоспардан тыс тексеріліп, заңбұзушылықтар анықталған жағдайда айыппұл салынады. Алайда шенеунік бұдан да қатаң шара қолдану туралы сұраққа заңнамада тиісті норма жоқ екенін алға тартты.

– Өкінішке қарай, «Қазмырыш» тарапынан табиғатты қорғау заңнамасын бұзу деректері бар. Шығыс Қазақстан облысы бойынша экология департаменті кәсіпорынды жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер аясында қадағалайды. Анықталған заңбұзушылықтар үшін әкімшілік айыппұл салынады. Алайда бір заңды тұлғаға, сіз айтып отырған «Қазмырышқа» қатысты жауапкершілікті жеке күшейтуге мүмкіндік беретін заңнамалық норма бізде жоқ. Кәсіпкерлік субъектілерінің барлығына ортақ талаптар қолданылады, – деді Әлиев.

Осылайша, заңбұзушылықтар анықталады, айыппұл салынады, бірақ ауаның ластануы тоқтар емес. Ал вице-министр жағдайды өзгертуге мүмкіндік беретін жаңа шараларды ұсынбады.

Ауадағы зиянды заттар таралмаса, зауыттар өндіріс көлемін азайтуы керек

Жомарт Әлиев ауаның ластануымен күресудің тағы бір тетігі ретінде қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) кезінде өндіріс қуатын төмендетуді атады. Бұл – желсіз, тымық ауа райында зиянды заттар таралмай, ауада жиналып қалатын кезеңдер.

Мұндай күндері кәсіпорындар өндіріс көлемі мен шығарындыларын азайтуға міндетті.

– Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар басталған кезде, қарапайым тілмен айтқанда, желсіз, тымық ауа райында кәсіпорындар шығарындылар мен төгінділер көлемін азайту үшін өндіріс қуатын төмендетуге міндетті, – деп түсіндірді вице-министр.

Оның айтуынша, Қазгидромет ҚМЖ басталатынын алдын ала ескертеді. Осыдан кейін кәсіпорындар өндірістік жүктемені азайтуы керек.

Алайда негізгі сұрақ ашық күйінде қалды: билік ауаның ластануымен тек желсіз күндері емес, басқа уақытта да күресу үшін қандай шара қолданбақ? Вице-министр бұл сұраққа жауап бермеді. Ведомство заңбұзушылықтарды өзі мойындағанына қарамастан, «Қазмырышқа» бақылауды күшейту жөнінде де нақты ұсыныс айтылмады.

Әзірше Өскемен тұрғындары экологиялық мәселеге швейцариялық корпорация акционерлерінің назарын аударуға мәжбүр. Ал Қазақстанның Экология министрлігі бұрыннан қолданыстағы бақылау тетіктерін тізумен шектеліп отыр. Бұл шаралардан кейін қала тұрғындарының қашан таза ауамен тыныстайтыны тағы белгісіз.

Сізге қызық болуы мүмкін