Алматы жұртын қолайсыз ауа райы әбігерге салуы мүмкін

Алматыда алдағы екі күнде күн райы бұзылып, нөсер жаңбыр жауады. Әсіресе, бүгін түнде жауын-шашын мол түседі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ауа райы қашан бұзылады

«Қазгидромет» болжамы бойынша, Алматының кейбір аудандарында нөсер жаңбыр жауады. Қаланың жоғарғы бөлігінде жаңбыр аралас қар түсуі мүмкін. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді. Синоптиктер жауын-шашын, әсіресе, 11 қарашаға қараған түні көбірек түседі деп болжап отыр. Ал 12 қарашаға қараған түні жаңбыр, қар жауып, тұман түседі.

Су басу қаупіне байланысты дайындық жүріп жатыр

Алматы әкімдігінің мәліметінше, коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшкен.

– Су басу қаупіне жедел әрекет ету үшін 85 арнайы бригада, 415 техника және 97 мотопомпа дайындалды, – делінген әкімдік хабарламасында.

Жүргізушілерге жылдамдықты азайтып, көліктер арасындағы қашықтықты сақтау ұсынылды. Сондай-ақ су жиналуы мүмкін жерлерге көлік қалдырмау ескертілді.

Екпіні күшті жел кезінде қала тұрғындарына ағаштар мен жарнама құрылымдарынан аулақ жүруге кеңес берілді.

Сізге қызық болуы мүмкін