Қостанай облысында мектеп оқушыларының жеке деректері бөгде ұйымдарға берілген

rt-solar.ru

Қостанай облысы Ұзынкөл ауданындағы екі мектеп оқушылардың жеке деректерін ата-аналарының жазбаша келісімінсіз бөгде ұйымдарға берген. Заңбұзушылықты аудан прокуратурасы анықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Тағы бір мектеп балалардың жеке деректері бар құжаттарды ресми сайтына жариялап, оларды ашық қолжетімді еткен. Мектеп басшысы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің дербес деректер туралы заңнаманы бұзу жөніндегі бабы бойынша жауапқа тартылды. Бұл туралы Қостанай облысының прокуратурасы хабарлады.

Зорлық-зомбылық пен құмар ойындар

Прокурорлар мектептерде контентті сүзу жүйесі де дұрыс жұмыс істемегенін анықтады. Бұл жүйе оқушылардың қауіпті сайттарға кіруіне жол бермеуге арналған.

– Соның салдарынан оқушылар зорлық-зомбылық пен құмар ойындарды насихаттайтын, деструктивті мазмұндағы сайттарға кіре алған, – делінген прокуратура хабарламасында.

Прокуратура араласқаннан кейін барлық заңбұзушылық жойылды.

Мектептер балалардың деректерін нақты қандай ұйымдарға бергені және бұл жағдай қанша оқушыға қатысты болғаны туралы ведомство ақпарат таратпады.

Контекст

Еске салайық, 9 қарашадан бері қазақстандықтарға шетелдік нөмірлерден «Қазпошта» сәлемдеме жеткізетіні туралы жалған хабарламалар келіп жатыр. Хабарламадағы сілтеме алаяқтар мекенжай мен басқа да жеке деректерді жинайтын жалған сайтқа апарады. Бас прокуратура хабарламалардың қазақ тілінде әрі ресми стильде жазылатынына назар аударды. Сондықтан адамдар оларға сеніп қалуы мүмкін.

Сізге қызық болуы мүмкін