Алматыда ғылыми әзірлемелерге бөлінген ақшаны жымқыру ісі бойынша тергеу аяқталды. Компания мемлекеттен макарон өнімдері мен дәрумендер қосылған ұн өндіруге 1 млрд теңгеден астам қаржы алған. Алайда сатып алынған жабдық бұл мақсатқа жарамсыз болып шыққан. Мемлекетке келген шығын 945 млн теңгеге бағаланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
2023-2024 жылдары «Bal halal» ЖШС «Ғылым қоры» АҚ-нан төрт жобаға 1,15 млрд теңге алған. Компания өсімдік шикізатынан макарон өнімдерін және пайдалы микроэлементтер қосылған ұн шығаруды жоспарлаған.
Бөлінген ақшаға жабдық сатып алу, өндірістік орындарды дайындау, шикізат алу және өндірісті жолға қою көзделген.
Алайда тергеушілер техниканы тексерген кезде оның жобада қарастырылған өнімдерді шығаруға жарамсыз екенін анықтаған.
– Тергеу эксперименттері барысында сатып алынған жабдықтың жобаларда көзделген өнімді өндіруге мүмкіндік бермейтіні анықталды, – деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.
Тергеу нұсқасы бойынша, ақшаны шығару үшін күдіктімен байланысы бар адамдардың атына рәсімделген «SMART 15» ЖШС пайдаланылған. Оған жабдық пен қызмет ақысын төлеу деген желеумен 736,4 млн теңге аударылған.
Іс материалдарында «Фабрика рекламы Шымкент» ЖШС, «Jana tan» ЖШС және «Sisters Brand KZ» жеке кәсіпкерлігі де бар.
Өндіріс орнына бармай тексерген
Тергеушілер бөлінген қаржының жұмсалуын бақылау жұмыстарына да күмән келтірген. Қаржылық мониторинг агенттігінің анықтауынша, тексеру актілерін Bal halal компаниясының қызметкерлері өздері әзірлеген. Ал мониторинг топтарының мүшелері өндірістік орындарға бармай-ақ құжаттарға қол қойған.
Осылайша, қағаз жүзінде жобалардың орындалуы бақылауда болғандай көрінген.
Тергеу мәліметінше, шығарылған ақшаның бір бөлігін заңды қаржыландыру ретінде көрсетуге де әрекет жасалған. Ол үшін компания директоры Bal halal шоттарына 88,5 млн теңгені қолма-қол салып, оны жобаларды іске асыруға қосқан жеке үлесі ретінде көрсеткен.
Салдарынан мемлекетке келген шығын 945 млн теңгеге жеткен.
Күдікті қамауға алынды. Сот оның жалпы құны 830 млн теңге болатын мүлкіне тыйым салуға рұқсат берген. Тізімге бес жер учаскесі, төрт автокөлік, Астанадағы пәтер, коммерциялық нысан және зергерлік бұйымдар кірген.