Алматының Бостандық аудандық соты Etude-Ybyrai құрылыс компаниясының журналист Вадим Борейкоға қарсы талап-арызын ішінара қанағаттандырды. Сот журналистен 43 млн теңге өндіріп алып, жария түрде теріске шығару міндетін жүктеді. Бастапқыда компания 71,75 млн теңге талап еткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Істің мән-жайы
Дау журналистің YouTube-тегі «Гиперборей» арнасында Алматыдағы Premier тұрғын үй кешенінің құрылысы туралы жариялаған материалдарына байланысты туындаған.
Құрылыс компаниясы журналистің жазбаларында іскерлік беделіне нұқсан келтіретін, шындыққа жанаспайтын мәліметтер таратылғанын мәлімдеген. Жалпы компания жеті материалдағы тоғыз пікірге қарсы шыққан.
Etude-Ybyrai ақшалай өтемақыдан бөлек, даулы жарияланымдарды өшіруді және Instagram-да көпшілік алдында теріске шығаруды талап еткен.
Бұған дейін не болған еді?
Вадим Борейко Алматының 12-шағынауданындағы Premier тұрғын үй кешенінің құрылысына қатысты дауды жариялаған. Жергілікті тұрғындар аумақтағы құрылыс тығыздығының артуына қарсы шығып, тұрғын үй кешенінің құрылысына шағымданған.
Журналистің қорғаушылары даулы пікірлердің бір бөлігін Борейко емес, оның материалдарына қатысқан адамдар айтқанын алға тартты. Сонымен қатар журналист мемлекеттік органдар өкілдері мен шенеуніктердің ашық мәлімдемелеріне сүйенген.
Сот процесінде тараптар компания мәлімдеген шығын көлеміне қатысты дауласты. Экономикалық сараптама талап етілген 71,75 млн теңгенің шамамен 43 млн теңгесіне қатысты шығынды растаған. Алайда журналистің қорғаушылары компанияның шығынға ұшырауы жарияланымдар салдарынан зиян келгенін өздігінен дәлелдемейтінін атап өткен.
Сот процесі сараптамалар мен отырыстардың ашықтығына қатысты даулармен қатар жүрді. Компания өкілдері істі жабық қарауды талап еткен, алайда сот отырыстарды ашық өткізу туралы шешімін өзгертпеген.