Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада Мемлекет басшысының «Кітап оқитын ұлт» бастамасын қолдау және қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Зерделі ұлт – зерек оқырман» атты зияткерлік алаң өтті.
Шараға ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Күміс Сейітова, ҚР Ұлттық кітапханасының өкілдері, Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқарма басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынова, «Кітап оқитын ұлт» жобасының өңірлік амбассадорлары, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, баспагерлер, сондай-ақ қаладағы көпшілік, жоғары оқу орындары, колледждер мен мектеп кітапханаларының басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Зияткерлік алаң аясында «Кітап оқитын ұлт» жобасының жүзеге асырылу барысы таныстырылып, «Зерделі ұлт» тұжырымдамасын стратегиялық тұрғыдан іске асыру тетіктері мен оқитын ұлтты қалыптастырудың басым бағыттары кеңінен талқыланды.
Елімізде басталған «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафонын кезекті әдеби байқау немесе белгілі бір мерзімде 15 кітап оқып шығуға үндейтін науқан ретінде ғана қабылдау жеткіліксіз. Оның ар жағында әлдеқайда үлкен мақсат – кітап оқуды ұлттық дағдыға айналдыру, қоғамның зияткерлік әлеуетін күшейту, ойлайтын, ізденетін, алған білімін өмірде қолдана білетін зерделі ұлт қалыптастыру идеясы тұр.
Бұл бағытқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік деңгейде ерекше мән беріп отыр. Президент 2026 жылғы 16 мамырда «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» арнайы Жарлыққа қол қойды. Құжатта кітап оқу мәдениетін насихаттау адами капиталды дамытудың, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайтудың, білім беру мен тәрбиенің негізгі элементтерінің бірі ретінде айқындалған.
Жарлықтың өзінде көзделген түпкі мақсаттың бірі – шығармашыл, жасампаз және бәсекеге қабілетті тұлғаны дамыту үшін жағдай жасау. Осы тұрғыдан қарағанда, «Кітап оқитын ұлт» марафоны – жеке бір жобадан гөрі елдің интеллектуалдық дамуына бағытталған ауқымды саясаттың бір тетігі.
Бүгінгі адам ақпарат тапшылығын сезініп отырған жоқ. Керісінше, біз ақпарат тасқынының ішінде өмір сүріп жатырмыз. Телефонды қолға алған сәттен әлеуметтік желілердегі қысқа бейнелер, жаңалықтар, жарнамалар, мессенджерлердегі хабарламалар назарымызға таласады. Бір ақпаратты толық қорытып үлгерместен екіншісіне көшеміз. Ақпарат көбейді. Бірақ оны байыппен қабылдау, салыстыру, саралау және ой елегінен өткізуге бөлінетін уақыт азайып барады. Мәселенің күрделі тұсы осында.
Кітап дәл осы асығыстыққа қарсы интеллектуалдық дағды қалыптастырады. Ол адамды бір ойдың соңына дейін баруға, себеп пен салдарды байланыстыруға, автор пікіріне күмән келтіруге, келісуге немесе қарсы дәлел іздеуге үйретеді. Сондықтан кітап оқу – тек әдеби шығарма оқып, рухани ләззат алу ғана емес. Кітап оқу – ойлау жаттығуы. Ал ойлайтын азаматтардың көп болуы – мемлекеттің стратегиялық капиталы. Президент Жарлығында кітап оқу мәдениетін дамыту мәселесінің адами капиталмен тікелей байланыстырылуы да сондықтан маңызды.
Мемлекет басшысының Жарлығында бір ғана кітап оқу жобасын өткізу көзделмеген. Құжатта тұтас инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған бірнеше нақты міндет қойылған. Соның бірі – жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан қазіргі жағдайда 2027–2031 жылдарға арналған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасын әзірлеу.
Сонымен қатар «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасын жүзеге асыру, кітап оқу мәдениетін дамытудағы жетістіктер үшін Ұлттық сыйлық тағайындау, «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» жаңа заң жобасын әзірлеу және бірыңғай қолжетімді Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру міндеттері белгіленген. Бұл шараларды бір-бірінен бөліп қарау қиын. Мұнда кітап – мәдениеттің ғана емес, білімнің, технологияның, тәрбиенің және елдің бәсекеге қабілеттілігінің құрамдас бөлігі ретінде қарастырылып отыр.
Әсіресе, «Зерделі ұлт» тұжырымдамасының жасанды интеллектіні дамыту жағдайымен сабақтастырылуы назар аудартады. Жасанды интеллект адамға ақпаратты бірнеше секундта тауып бере алады. Мәтін құрастырады. Талдау жасайды. Аударады. Есеп шығарады. Бірақ сол ақпараттың ақиқатын ажырататын, оған сыни көзбен қарайтын, алынған мәліметті өз білімімен салыстыратын адам қажет. Демек, технология дамыған сайын адамның оқу және ойлау қабілетінің құны төмендемейді, керісінше артады.