Алматыда ғимарат отқа оранып, қаланы түтін басты

Видео кадры

Алматыдағы Брусиловский көшесінде орналасқан екі қабатты ғимараттан өрт шықты. Оқиға орнынан түсірілген фото және видеолар әлеуметтік желіде тарап жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Өрт Алматының Алмалы ауданында болған. Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбалардан ғимараттың үстін қою түтін басқанын көруге болады. Қала тұрғындарының айтуынша, көкке көтерілген түтін Алматының әр тұсынан байқалған.

Жергілікті тұрғындар караоке мен спорт кешені орналасқан ғимараттың өртеніп жатқанын жазды.

ТЖМ не дейді?

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өртсөндірушілер оқиға орнына жеткенде ғимаратты жалын шарпып жатқан.

Оттың көрші ғимараттарға таралу қаупі болғандықтан, оқиға орнына қосымша күш пен техника жіберілген. Өртсөндірушілердің жұмысын үйлестіру үшін жедел штаб құрылды.

Өрттің ауқымына байланысты оны сөндіруге қосымша күш жұмылдырылып, күрделілігі жоғары деңгейде жұмыс жүргізіліп жатыр.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, өртсөндірушілер бірден жалынды ауыздықтауға және оттың көрші ғимараттарға таралуына жол бермеуге кіріскен.

ТЖМ жағдай өртсөндірушілердің бақылауында екенін мәлімдеді. Қазір өртті толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Сізге қызық болуы мүмкін