Болат Назарбаевтың зауыты мемлекетке өтті: оны 740 млн теңгеге сатпақ

Ulysmedia.kz коллажы

Алматы облысының Шамалған ауылындағы зауыт жеті жыл бойы Қазақстанның тұңғыш президентінің інісі Болат Назарбаевқа тиесілі компанияның мекенжайы болған. Ulysmedia.kz анықтағандай, кәсіпорын мемлекетке өтеусіз беріліп, енді сатылымға шығарылған.

«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС (ҚАБК) Алматы облысының Шамалған ауылындағы шарап және арақ өнімдерін шығаратын зауытты сатылымға қойды. Бағаны көтеру тәсілімен өтетін аукцион 8 желтоқсанда мемлекеттік мүлік тізілімінің порталында ұйымдастырылады. Бастапқы бағасы – ҚҚС-сыз 739,9 млн теңге. Салықты қосқанда, сатып алушы кемінде 858 млн теңге төлеуі керек.

ҚАБК лот сипаттамасында зауыттың бұрын кімге тиесілі болғанын көрсетпеген. Алайда Ulysmedia.kz осы мекенжайда қазір жұмыс істемейтін «BN ALKO» ЖШС тіркелгенін анықтады. Компанияны 2009 жылы Болат Назарбаев құрған. Кәсіпорын атауы Қазақстанның тұңғыш президентінің марқұм інісінің аты-жөнінің бас әріптерімен сәйкес келеді.

Зауыт Қабанбай батыр көшесі, 1-мекенжайында орналасқан. Сатылымға жеке меншіктегі 2,36 гектар жер телімі мен жалпы аумағы 7,2 мың шаршы метр болатын 15 ғимарат қойылған. Олардың қатарында аумағы 2,6 мың шаршы метр негізгі өндірістік цех, 1,4 мың шаршы метр көкөніс қоймасы, үш қабатты әкімшілік ғимарат, шарап сақтайтын орын, қойма, қазандық, ыдыс цехы, механикалық цех және электр қалқаны бар.

Зауыттың 200 метр тереңдікте орналасқан өз артезиан ұңғымасы да бар. Ол 2019 жылы қазылған.

Бағалау есебіне сәйкес, жер телімі 214 млн теңгеге, ал ғимараттар 526 млн теңгеге бағаланған. Ең қымбаты – негізгі цех (190 млн теңге) пен көкөніс қоймасы (102 млн теңге). Бағалаушының мәліметінше, нысан шарап және арақ зауыты ретінде пайдаланылып келеді әрі жақсы жағдайда.

ҚАБК лот сипаттамасында сатып алушыларға бірқатар жайтты ескерткен. Зауыттың коммуналдық қызметтер бойынша берешегі бар, аумағында жалға алушылар жұмыс істейді. Сондай-ақ бағалау есебіндегі ыдыс цехының ауданы лот құжаттарындағы мәліметпен сәйкес келмейді.

Зауыт мемлекетке қалай өтті?

Жылжымайтын мүлік тізіліміндегі анықтамаға қарағанда, ҚАБК зауытты 2026 жылғы 26 тамыздағы келісімшарт негізінде өтеусіз алған. Компания меншік құқығын 11 қыркүйекте тіркеген.

Бұл іске сот араласпаған. Мүлік мемлекетке өз еркімен берілген. Ал ҚАБК бұрынғы иесінің кім болғанын жарияламаған.

Зауытта кім жұмыс істеген?

2009 жылы осы мекенжайда «BN Alko» ЖШС тіркелген. Компания спиртті ішімдіктерді айдау, тазарту және араластырумен, яғни күшті алкоголь өнімдерін шығарумен айналысқан.

Adata порталының мәліметінше, 2009 жылғы наурыздан 2016 жылғы шілдеге дейін BN Alko компаниясының құрылтайшысы Қазақстанның тұңғыш президентінің інісі Болат Назарбаев болған. Ал директор қызметін Игорь Якушенко атқарған.

2016 жылғы шілдеде екеуі де компаниядан кеткен. Содан кейін оның құрылтайшысы әрі директоры болып Ғабит Төлтаев тағайындалған.

Осы өзгерістен кейін BN Alko төлеген салық көлемі күрт азайған: 2015 жылы – 2,6 млн теңге, 2016 жылы – 886 мың теңге, 2017 жылы – 94 мың теңге. Ал 2018 жылдан бастап компания салық төлемеген.

2017 жылы салық органдары декларация тапсырмағаны үшін BN Alko-ны ҚҚС төлеушілер есебінен шығарған. 2022 жылғы ақпанда компания таратылған.

Меншік иесі ауысқаннан кейін бес ай өткен соң, 2016 жылғы желтоқсанда зауыт сатып алу-сату шарты бойынша басқа адамның меншігіне өткен. Алайда нысан мемлекетке берілгенге дейін кімге тиесілі болғаны лот құжаттарында көрсетілмеген.

Сізге қызық болуы мүмкін