«Самұрық-Қазынаны» енді кім басқарады? Бектенов мәлімдеме жасады

Ulysmedia.kz коллажы

«Самұрық-Қазына» қорының басшысы Нұрлан Жақыпов ұсталғаннан кейін қордың күнделікті жұмысын басқарма мүшелері қолға алған. Ал стратегиялық шешімдерді директорлар кеңесінің төрағасы, премьер-министр Олжас Бектенов қабылдайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Үкіметтің баспасөз қызметі журналистердің сауалына осындай жауап берген. Алайда Жақыповтың орнына басқарма төрағасы болып кім тағайындалатыны әзірше айтылмады.

Келісімшарттар күшінде қалады

Үкімет қор мен оған қарасты компаниялар штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Қор компаниялары жасасқан инвестициялық келісімдер, несие шарттары мен шығарған облигациялар бойынша міндеттемелер күшінде қалады. Олардың барлығы орындалады.

Директорлар кеңесі комплаенс қызметтерінің жұмысын күшейтуге уәде берді. Бұл бөлімшелер компаниялардың заң талаптары мен ішкі ережелерді сақтауын қадағалайды. Сондай-ақ тәуекелдерді алдын ала анықтау тетіктерін жетілдіру жоспарланып отыр.

Контекст

Еске салайық, 17 қарашада «Самұрық-Қазына» қорының ресми сайтынан директорлар кеңесінің құрамы туралы ақпарат жоғалып кеткені белгілі болды. Тиісті бөлімді ашуға әрекет жасағанда, портал 404 қатесін көрсеткен.

Кейінгі ашық деректерге сәйкес, директорлар кеңесінің құрамында сегіз адам болған. Олардың қатарында Нұрлан Жақыпов пен жасанды интеллект негізінде жасалған SKAI цифрлық мүшесі де бар.

Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысы Елжас Отыншиев ұсталғаннан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл оқиғаны мемлекеттік компаниялардағы ауқымды жемқорлықтың маңызды белгісі деп атады.

Мемлекет басшысының айтуынша, 2023-2025 жылдары елде 248 млрд теңгеден астам сомаға қатысты 3 168 сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығы анықталған.

Сізге қызық болуы мүмкін