Қазақстан АҚШ-пен тікелей рейстерді Трамптың саммитіне дейін келісіп алуға үмітті

Ulysmedia коллажы

Қазақстан желтоқсан айында АҚШ-тың Федералдық авиация басқармасынан (FAA) ұшу қауіпсіздігі бойынша бірінші санат алуды көздеп отыр. Бұл Америкаға тікелей әуе рейстерін ашуға мүмкіндік береді. Тиісті шешім Майамиде өтетін G20 саммитіне дейін қабылдануы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Reuters агенттігіне берген сұхбатында айтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамп 14-15 желтоқсанда өткізетін саммитке шақырылған.

– Желтоқсан айында, осы маңызды кездесуге дейін бірінші санатты ресми түрде аламыз деп үміттенеміз, – деді Талғат Ластаев.

Ол FAA-ның қыркүйекте Қазақстанда өткізген аудитінің алдын ала нәтижелерін жақсы деп бағалады. Дегенмен түпкілікті шешімді америкалық реттеуші орган қабылдайды. Қазір Қазақстанның FAA бойынша ешқандай санаты жоқ. Басқарма өкілдері бұл мәселеге қатысты түсінік беруден бас тартты.

Талғат Ластаевтың айтуынша, Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей әуе рейстері 2027 жылдың соңына қарай ашылады.

Қазақстан арқылы өтетін ұшақтар саны артып келеді

Пандемияға дейін Қазақстан арқылы жылына 10 миллион жолаушы ұшса, қазір бұл көрсеткіш 31 миллионға жеткен. Алдағы бес жылда ел жолаушылар ағынын екі есе арттырып, 60 миллионға жеткізуді көздейді.

Бұған Қазақстанның географиялық орналасуы да мүмкіндік беріп отыр. АҚШ пен Еуропа әуе компаниялары Ресейдің әуе кеңістігін айналып ұшса, оңтүстікте Таяу Шығыстағы қақтығыс кедергі келтіреді.

– Қазақстан екі жабық өңірдің дәл ортасында, оларды бөліп тұрған белдік сияқты орналасқан, – деді Ластаев.

Вице-министр бұл сұхбатты Монреаль қаласында өткен Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) конференциясында берген. Қазақстан аталған ұйымның басқарушы кеңесіне мүше болуды көздеп отыр.

Бұған дейін не белгілі болды

Еске салайық, қазан айында Талғат Ластаев FAA-ның ресми қорытындысы қарашада белгілі болатынын айтқан еді. Сондай-ақ сол кезде Air Astana әуе компаниясының алыс бағыттарға қатынайтын алғашқы Boeing Dreamliner ұшағын күтіп отырғаны белгілі болды. Өндірістегі кідірістерге байланысты ұшақты жеткізу мерзімі қыркүйектен желтоқсанға шегерілген. Әуе кемесін Астана – Нью-Йорк бағытына пайдалану жоспарланған.

Сізге қызық болуы мүмкін