Көкшетау соты әкімшілігін басқарған 27 жастағы Аян Дүйсековтің өліміне қатысты тергеу аяқталды. Қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылған. Бұл туралы Ulysmedia.kz редакциясына Сот әкімшілігінің Ақмола облысы бойынша департаменті хабарлады.
Қызметтік жұмыспен байланысы анықталмаған
Аян Дүйсеков қайтыс болғаннан кейін оның туыстары марқұмның өлімінен аз уақыт бұрын жұмыста қысым көргенін мәлімдеген. Оған тәртіптік жаза қолданылып, қызметтік баспанаға қатысты да мәселелер туындаған.
Ulysmedia.kz редакциясы осы мәлімдемелердің тергеу барысында тексерілгенін және қандай қорытынды жасалғанын білу үшін Сот әкімшілігіне сауал жолдады.
Ведомствоның хабарлауынша, қылмыстық іс тоқтатылған.
– Аян Қайратұлы Дүйсековтің қазасына қатысты тергеу аяқталды. Қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылды. Тергеу барысында оның қайтыс болуы мен қызметтік жұмысы, сондай-ақ сот жүйесі қызметкерлерінің әрекеттері арасында себеп-салдарлық байланыс анықталған жоқ, – делінген редакцияның ресми сауалына берілген жауапта.
Екінші өлімге қатысты сұрақтар жауапсыз қалды
30 қазанда Көкшетауда тағы бір сот қызметкерінің мәйіті табылды. Сол кезде Ақмола облысының полиция департаменті суицид нұсқасы қарастырылып жатқанын хабарлаған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Редакция Сот әкімшілігінен марқұмның қайда жұмыс істегенін, қандай лауазым атқарғанын және қызметтік тексеру жүргізіліп жатқан-жатпағанын нақтылауды сұрады.
Алайда ведомство тергеу жалғасып жатқанын алға тартып, толық ақпарат беруден бас тартты.
– Сот қызметкері Дайыркен Ақан Қайыркенұлының қазасына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқандықтан, Сот әкімшілігінің Ақмола облысы бойынша департаменті оқиғаның мән-жайына өз бетінше баға беруге, нақты адамдардың кінәлі екені туралы қорытынды жасауға және тергеу органдарының құзыретін өзіне алуға құқығы жоқ, – делінген жауапта.
Туыстары басшылықтың әрекетін тексеруді талап етті
Аян Дүйсековтің қайтыс болғаны туралы қыркүйек айында белгілі болды. Ол небәрі 27 жаста еді. Артында әйелі мен екі кішкентай баласы қалды.
Туыстарының айтуынша, Аян көп жұмыс істеген, судья болуды армандаған және болашаққа жоспар құрған. Алайда кейінгі айларда жұмыстағы жағдайы қиындаған.
Отбасы көпшілікке жолдаған үндеуінде екі лауазымды тұлғаның әрекетін тексеруді, тәртіптік жазаның мән-жайын анықтауды және оны қызметтік пәтерден шығаруға жасалған әрекеттің заңдылығын тексеруді сұраған.
Марқұмның жақындары тәуелсіз тексеру жүргізіп, оның өліміне қатысты барлық мән-жайды анықтауды талап еткен.