Қазақстанда 2027 жылдан бастап дәрігерлердің, медбикелердің және емханалардың басқа да қызметкерлерінің жалақысын көтеру тәртібі нақтыланды. Денсаулық сақтау министрлігі қосымша ақы мөлшері мен оны алу шарттары көрсетілген қаулы жобасын әзірледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Еңбек өтілі ескеріледі
Құжатқа сәйкес, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында жұмыс істейтін дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлеріне үздіксіз еңбек өтілі үшін қосымша ақы төлеу ұсынылып отыр. Мамандығы бойынша жұмыс істеген мерзімі неғұрлым ұзақ болса, үстемеақы да соғұрлым жоғары болады.
Қосымша төлем мөлшері мынадай тәртіппен белгіленбек:
2 жылдан астам еңбек өтілі үшін – лауазымдық жалақының 20 пайызы;
3 жылдан астам еңбек өтілі үшін – 30 пайызы;
5 жылдан астам еңбек өтілі үшін – 50 пайызы.
Бұл үстемеақы учаскелік терапевтерге, педиатрларға, жалпы практика дәрігерлеріне, фельдшерлерге, акушерлерге, сондай-ақ учаскелік, патронаждық және мектеп медбикелеріне төленеді.
Мысалы, маманның лауазымдық жалақысы 200 мың теңге болса, үздіксіз еңбек өтілі 5 жылдан асқан жағдайда оған қосымша 100 мың теңге төленеді.
Психологтарға бөлек үстемеақы қарастырылған
Психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер үшін төлемнің жеке тәртібі ұсынылған. Олардың қосымша ақысы еңбек өтіліне емес, психоэмоциялық және физикалық жүктемесіне байланысты болады.
Халықпен тікелей жұмыс істейтін психологтарға базалық лауазымдық жалақының 300 пайызы, ал әлеуметтік қызметкерлерге 200 пайызы мөлшерінде үстемеақы белгілеу ұсынылып отыр.
Бұл жерде лауазымдық жалақы мен базалық лауазымдық жалақының айырмашылығын ескеру қажет. Сондықтан ұсынылған 300 және 200 пайыздық үстемеақы психологтар мен әлеуметтік қызметкерлердің жалпы жалақысы үш-төрт есе өседі дегенді білдірмейді.
Денсаулық сақтау министрлігі жаңа төлемдер емханалардағы мамандарды ұстап қалуға, кадр тапшылығын азайтуға және жұмыс істеп жүрген қызметкерлердің жүктемесін төмендетуге көмектеседі деп есептейді.
Бұған дейін
Еске салайық, президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Үкіметке 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап учаскелік қызмет мамандарының жалақысын көтеруді тапсырған болатын. Өзгеріс 77 мыңнан астам адамға қатысты болмақ.
Енді Денсаулық сақтау министрлігі қосымша ақы төлеудің нақты тәртібін ұсынды. Құжат 19 қарашада «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Қоғамдық талқылау 7 желтоқсанға дейін жалғасады.