Трамптың күйеу баласы Украинаға Донбастың орнына НАТО-ға мүше болуды ұсынған

Associated Press / Jacquelyn Martin

АҚШ президентінің арнайы өкілі Джаред Кушнер бірнеше ай бойы жабық келіссөздерде Украинаның НАТО-ға мүшелігін Ресейге аумақ беру шартымен талқылаған. Бұған дейін жүзеге аспайтын ұсыныс саналған бұл идеяны америкалықтар тамыз айында да көтерген. Сценарийлердің біріне сәйкес, Украина әзірге өзі бақылап отырған Донбасс аумағының бір бөлігінен бас тартуы керек, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

The Wall Street Journal басылымының жазуынша, Кушнер мен АҚШ президентінің екінші арнайы өкілі Стив Уиткофф бұл нұсқаны еуропалық шенеуніктермен бірнеше рет талқылаған.

Өткен аптада Кушнер бұл мәселені Дублиндегі әскери әуеайлақта Украина президенті Владимир Зеленскиймен, оның кеңесшісі Рустем Умеровпен және Еуропаның бірнеше елінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілерімен талқылаған. Бұл тақырып америкалықтар Украина, Еуропа және Ресей өкілдерімен келіссөз жүргізген БАӘ-дегі кемінде бір кездесуде де көтерілген.

Еуропа көшбасшыларының бірі басылымға бұл ұсыныс тамыз айында өткен телефон арқылы сөйлесу кезінде де талқыланғанын айтқан.

Екі сценарий

WSJ дерегінше, америкалық тарап екі сценарийді қарастырып отыр. Бірінші нұсқа бойынша, Украина өзі әлі бақылауында ұстап отырған Донбасс аумағының бір бөлігінен бас тартып, НАТО-ға толыққанды мүше болады.

Екінші сценарийде тараптар қақтығысты қазіргі майдан шебі бойынша тоқтатады. Бұл жағдайда Донбасс аумағының бір бөлігі Киевтің бақылауында қалады, ал Украина қауіпсіздік кепілдіктерін АҚШ-пен және Еуропадағы одақтастарымен жасалатын халықаралық келісім арқылы алады.

Америкалық шенеуніктің айтуынша, қазір талқылауға түрлі ұсыныс шығарылған. Алайда түпкілікті келісімді Украина да, Ресей де мақұлдауы керек.

WSJ келіссөз жүргізушілердің НАТО-ға мүшелік туралы ұсынысқа қаншалықты байыппен қарайтынын және Дональд Трамптың бұл мәселедегі ұстанымы өзгерген-өзгермегенін анықтай алмаған.

Өткен жылы Трамп Пентагон басшысы Пит Хегсетпен келісіп, Украинаның НАТО-ға мүше болуы мен 2014 жылғы шекараларға қайта оралуын шынайы емес мақсат деп атаған еді. Альянсқа жаңа мүшелер тек барлық елдің бірауыздан келісімімен қабылданады.

CNN мәліметінше, Кушнер Украинаға НАТО мүшелігін беру мәселесі туралы ашық түрде тікелей пікір білдірмеген.

– Осы талқылаулар нәтижесінде бірнеше жаңа идея пайда болды. Қазір оларды зерделеп жатырмыз. НАТО Еуропа қауіпсіздігінің ең маңызды тірегі болып қала береді, – деп жазды Кушнер әлеуметтік желіде.

Оның айтуынша, Трамп Украина мен Еуропаның қауіпсіздігін нығайтатын келісімдерді ғана қолдайды.

WSJ дерегінше, Кушнер Ресейдің Украинаға НАТО кепілдіктеріне ұқсас қауіпсіздік кепілдіктерін беруге қазірдің өзінде келісіп отырғанын да айтқан. Оның сөзінше, мұндай кепілдіктер бұзылған жағдайда Ресейге қарсы ауқымды тежеу шаралары қолданылып, ауыр зардаптарға әкелетін салдар туындайды.

Германия қарсы

Бұл мәселе бейсенбі күні Берлинде өткен келіссөздерде де көтерілген. Алайда Германия тарапы оны әрі қарай талқылауға құлық танытпаған. Германия Украинаға НАТО мүшелігін беруге бұрыннан қарсы.

WSJ мәліметінше, канцлер Фридрих Мерц көмекшілеріне Украина өзі тірі тұрғанда альянсқа қосылмайтынын айтқан.

Ал Франция президенті Эммануэль Макрон Берлиндегі кездесуден кейін, керісінше, Украинаның НАТО-ға мүшелігін талқылайтын уақыт келгенін мәлімдеген.

Еуропа көшбасшыларының бір бөлігі, америкалықтар секілді, Украинаның альянсқа қосылуы Батысты Мәскеумен тікелей текетіреске тартуы мүмкін деп қауіптенеді.

Ресей Абу-Дабидегі келіссөздерде Украинадан НАТО-ға қосылу жоспарынан бас тартуды ашық талап еткен.

Киев Донбасс Ресей үшін жаңа шабуылдарға дайындалатын плацдармға айнала ма деп қауіптенеді. Соғыс басталғалы бес жылға жуық уақыт өтсе де, Ресей әскері өңірді толық басып ала алған жоқ.

Контекст

Еске салайық, 14 қарашада Владимир Зеленский АҚШ алғаш рет Украина НАТО мүшелігін алса, Донбасс аумағынан кетуге дайын ба деген сауал қойғанын айтқан еді.

Бұған жауап ретінде ол НАТО мен Еуропалық одақтан қауіпсіздік кепілдіктерін, қуатты армияны, қару-жарақ пен қаржылай қолдауды, сондай-ақ елді қалпына келтіру жоспарын талап ететінін жеткізді.

Зеленский бұл мәселені өзі жеке шешпейтінін, Украина халқымен ақылдасатынын мәлімдеді.

– Егер америкалық тарап мұны НАТО-дағы басқа әріптестерімен бірге растаса, мен халқымыздан мұндай ұсынысты қабылдай ма, жоқ па деп сұраймын. Өз қалауыммен мұндай шешім қабылдауға құқығым жоқ, – деген еді Зеленский.

Бұған дейін The New York Times басылымы Ресей өкілдерінің Абу-Дабиде келіссөзге қатысушыларға таратқан бейресми құжатын жариялаған болатын. Онда Мәскеу НАТО әскерлері мен әскери базаларын 1997 жылғы позицияларына қайтаруды, Киевке қару-жарақ жеткізуді тоқтатуды және Еуропа елдерінің ядролық кепілдіктерін шектеуді талап еткен.

1997 жылы Польша, Чехия, Венгрия және Балтық жағалауы елдері НАТО құрамына әлі кірмеген еді.

Сізге қызық болуы мүмкін