Қазақстанда шекараны заңсыз кесіп өту ісі бойынша төрт адам ұсталды

Polisia.kz

Жамбыл облысында полицейлер үш Қазақстан азаматы мен бір шетелдікті ұстады. Олар мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуді ұйымдастырды деген күдікке ілінген. Күдіктілер «Заңсыз келуші – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде қолға түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Полиция мәліметінше, ұсталған төрт адамның Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өтуді ұйымдастыруға қатысы болуы мүмкін. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.

Күдіктілердің барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Істің өзге мән-жайы әзірге жарияланған жоқ.

Тексеру кезінде 300-ге жуық заңбұзушылық анықталды

Жамбыл облысында «Заңсыз келуші – 2026» іс-шарасы барысында көші-қон заңнамасын бұзудың 293 дерегі тіркелді.

Оның 53-інде шетелдіктердің Қазақстанда белгіленген талаптарды сақтамай жұмыс істегені анықталды.

Тағы 63 жағдайда шетел азаматтарының елге келгені туралы полицияға уақытылы хабар берілмеген немесе олардың Қазақстанда болу тәртібі сақталмаған.

Сондай-ақ, тиісті рұқсатсыз шетел азаматтарын жұмысқа қабылдаған 15 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды.

Сот шешімімен 77 шетел азаматы Қазақстаннан шығарылды.

Іздеуде жүрген адамдар да ұсталды

Тексеру барысында полицейлер мемлекетаралық іздеуде жүрген төрт адамды да ұстады. Олардың бірі – Қазақстан азаматы, ал қалған үшеуі ТМД елдерінің азаматтары болып шықты.

Полиция өңірде заңсыз көші-қон деректерін анықтау және көші-қон заңнамасының бұзылуына жол бермеу бағытындағы жұмыстар жалғасып жатқанын хабарлады.

Сізге қызық болуы мүмкін