Германияда мыңдаған оқушы мен студент көшеге шығып, биліктен білім беру, әлеуметтік қолдау және климатты қорғау салаларына көбірек қаржы бөлуді талап етті. Жастар міндетті әскери қызметті қайта енгізу жоспарына да қарсы шықты. Наразылық акциялары елдің 80-нен аса қаласында өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ең ірі шеру 20 қарашада Германия астанасы Берлинде өтті. Полиция мәліметінше, қала көшелеріне төрт мыңға жуық адам шыққан. Ал наразылықты ұйымдастырған Gen Z regelt («Z ұрпағы шешеді») қозғалысы қатысушылардың саны әлдеқайда көп, шамамен 10-15 мың адам болғанын мәлімдеді.
Шерушілер Александрплац алаңынан бастап, Фридрихсхайн және Кройцберг аудандары арқылы жүріп өтті. Қатысушылардың басым бөлігі мектеп оқушылары мен студенттер болды.
Олар қолдарына «Елемей қоймай, әрекет етіңдер!» және «Мектеп білім беруі керек, оқушыға артық салмақ салмауы тиіс» деген жазуы бар плакаттар ұстаған.
Шеруге солшыл және коммунистік партиялардың өкілдері, сондай-ақ, Палестинаны қолдайтын қозғалыстар да қосылды. Кейбір топтар бөлек сап түзеп жүрді.
Наразылыққа қатысушылар биліктен мектептерге, психологиялық көмек көрсетуге және әлеуметтік бағдарламаларға бөлінетін қаржыны көбейтуді талап етті.
Сонымен қатар, жастар күнкөріс шығындарын азайтуға, климатты қорғау шараларын күшейтуге және міндетті әскери қызметті қайта енгізуден бас тартуға шақырды.
Gen Z regelt қозғалысының өкілі Вероника Динтердің айтуынша, белсенділер Германияның түкпір-түкпіріндегі студенттерді біріктіріп, ортақ наразылық қозғалысын құруды көздеп отыр.
Ол жастардың білім беру мен әлеуметтік салаларға бөлінетін қаржының қысқаруы мүмкін екеніне, сондай-ақ,міндетті әскери қызметті қайта енгізу мәселесінің талқыланып жатқанына наразы екенін жеткізді.
Берлинде Бранденбург қақпасының маңында тағы бір наразылық акциясы өтті. Оны Германия оқушыларының федералдық конференциясы ұйымдастырды.
Ұйым өкілдері өздерінің Gen Z regelt қозғалысына қатысы жоқ екенін атап өтті.
Бұл шеруге шыққан оқушылар негізінен білім беру саласындағы мәселелерді көтерді. Олар мектеп ғимараттарын жөндеуді, оқушыларға көрсетілетін әлеуметтік көмекті жақсартуды және мұғалімдерге қолдауды күшейтуді талап етті.
Берлиннен бөлек, жастар Кельн, Майндағы Франкфурт, Бремен, Ганновер және басқа да қалаларда көшеге шықты.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, наразылық акциялары Германияның 80-нен астам қаласы мен елді мекенінде өткен.
Франкфурт билігі 31 қазандағы наразылықтан кейін болған тәртіпсіздіктерді ескеріп, қауіпсіздік шараларын алдын ала күшейткен.
Кейбір шерулерде пиротехникалық құралдар қолданылғанымен, 20 қарашадағы наразылық акцияларының басым бөлігі бейбіт жағдайда өтті.
Наразылық шаралары Германиямен ғана шектелген жоқ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, халықаралық жастар ереуілі кемінде 25 елде өткен.
Олардың қатарында Ұлыбритания, Италия, Испания және Хорватия бар.
Әртүрлі елде көшеге шыққан жастардың талаптары бір-біріне ұқсас болды. Олар білім беру мен әлеуметтік қолдауға көбірек қаржы бөлуді, климаттың өзгеруіне қарсы күресті күшейтуді және күнкөріс шығындарын азайтуды талап етті.