Wildberries компаниясының негізін қалаушы Татьяна Ким компанияның бас директоры қызметінен кетті. Ірі интернет сауда алаңын басқару басқа топ-менеджерге тапсырылды. Бұл өзгеріс Еуроодақ Татьяна Кимге санкция салғаннан кейін бірнеше күн өткен соң болды. Сонымен қатар, оның біріккен бизнестегі үлесі де азайған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ресейдің заңды тұлғалар тізілімі мен СПАРК жүйесінің мәліметінше, 19 қарашадан бастап «Вайлдберриз» ЖШҚ-ның бас директоры қызметіне Алексей Куликов тағайындалған.
Бұған дейін ол компанияның басшылық құрамында жұмыс істеген. Енді ресми түрде Татьяна Кимнің орнына келген.
Алайда Wildberries компаниясы бас директордың ауысқаны туралы әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Сондай-ақ, Татьяна Ким енді «Вайлдберриз» ЖШҚ құрылтайшыларының қатарында жоқ. Ол заңды тұлғаның атынан сенімхатсыз әрекет ету құқығынан да айырылған.
Басшылықтағы өзгерістермен қатар, біріккен бизнестегі үлестер де қайта бөлінген.
Жарияланған мәліметтерге сәйкес, Татьяна Кимнің үлесі 65 пайыздан 45 пайызға дейін қысқарған. Ал компанияның тағы 30 пайыз үлесі екі жабық инвестициялық қорға өткен.
Мәміленің өзге шарттары мен компанияның меншік құрылымын өзгерту себептері әзірге жарияланған жоқ.
16 қарашада Еуроодақ Wildberries компаниясының негізін қалаушы Татьяна Кимді санкциялық тізімге енгізді.
Еуроодақ өкілдерінің пайымдауынша, Wildberries арқылы әскери мақсатта және азаматтық салада қатар қолдануға болатын тауарлар сатылады. Сондай-ақ, компания Ресейдің мемлекеттік ВТБ банкімен ынтымақтасады.
Еуроодақ кәсіпкерге санкция салуға осы жағдайларды негіз еткен.
Еске салайық, 2026 жылдың жазынан бері Украина Ресейдің түрлі өңірлеріндегі Wildberries қоймаларына бірнеше рет соққы жасаған.
Украина тарапы мұны Ресейдің шабуылдарына жауап ретінде түсіндірген. Сондай-ақ аталған қоймаларда ұшқышсыз ұшу аппараттарына қажетті бөлшектер сақталғанын мәлімдеген.