12 жылға сотталған Жамбыл облысының экс-әкімі денсаулығына байланысты босатылуы мүмкін

Ulysmedia коллажы

396 миллион теңге пара алғаны үшін сотталған Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаев денсаулығына байланысты бостандыққа шығуы мүмкін. Алматы облысының соты ол жазасын өтеп жатқан мекеме әкімшілігінің өтінішін қанағаттандырған. Алайда прокуратура бұл шешімнің күшін жоюды талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Алматы облысының прокуратурасы Ulysmedia.kz редакциясына 17 қарашада Алатау қаласының соты №57 мекеме әкімшілігінің Кәрім Көкірекбаевты ауыр науқасына байланысты жазасын одан әрі өтеуден босату туралы өтінішін қанағаттандырғанын растады. Алайда сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.

– Қазіргі уақытта прокуратура органдары аталған сот актісінің күшін жою туралы жеке өтінішхат енгізді, – деп хабарлады прокуратура.

Көкірекбаев қандай іс бойынша сотталды?

Кәрім Көкірекбаев – Жамбыл облысының бұрынғы әкімі, сондай-ақ «Қазселденқорғау» мекемесінің экс-басшысы. 2022 жылғы желтоқсанда оны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері ұстады.

Тергеу нұсқасы бойынша, ол өзінің бұрынғы орынбасары Әділет Ахатаевпен бірге кәсіпкерлерден орындалған жұмыс актілеріне қол қою және жалпы қамқорлық көрсету үшін пара алған. Антикор мәліметінше, параның жалпы сомасы 396 миллион теңгені құраған.

Бұл іс бойынша жеке компанияның директоры Андрей Поплавский де айыпталды. Оған пара берді деген айып тағылды.

Тергеу нұсқасына сәйкес, ақша Қорғас өзеніндегі қорғаныс құрылыстарында іс жүзінде орындалмаған жұмыстардың актілеріне кедергісіз қол қою үшін берілген.

2024 жылғы маусымда алқабилер соты Көкірекбаевты ақтағанымен, прокуратура бұл шешімге наразылық білдірді. Ақтау үкімі күшін жойып, іс қайта қарауға жіберілді.

2025 жылғы шілдеде сот Көкірекбаевты аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін кінәлі деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айырды. Оның бұрынғы орынбасары Әділет Ахатаев пен кәсіпкер Андрей Поплавский 11 жылға сотталды.

Сізге қызық болуы мүмкін