«Әкім ретінде құны бес тиын»: Павлодарда тарих неге қиратылды, миллиондар қалай желге ұшты

Ulysmedia.kz коллажы

Асайын Байханов Павлодар облысын 2022 жылдың соңынан бері басқарып келеді. Әлеуметтік желіде белсенді, Threads-ті жиі пайдаланатын, сын-пікірге ашық жауап беретін әкім ретінде танылған. Алайда оның жазбаларын кейін шегініп оқып, сол кезеңде өңірде болған оқиғалармен салыстырсаңыз, кереғарлыққа таңғаласыз.

Қала тарихымен біте қайнасқан қонақүй үйінде астында қалды. Ал аурухана құрылысы кезінде бюджетке 484 миллион теңге шығын келтірілгені анықталды: медициналық мақсаттағы пеноплекс орнына қарапайым құрылыс пенопластын қолданған. Бірнеше жылдан бері жөндеген жолының ақшасын ала алмай жүрген мердігер қылмыстық істегі күдіктіге айналып, облыс әкімі куәгер ретінде аталды. Ал әлеуметтік баспанаға қол жеткізген отбасылар үйінің қабырғасын пеш жағып кептіріп, балаларын демікпеден емдеуге мәжбүр.

Әлеуметтік желіде өзін ашық әкім ретінде көрсететін басшы сеніп тапсырылған өңірді неге қайшылыққа толы мекенге айналдырды? Ulysmedia.kz тілшісі осы сауалға жауап іздеп көрді.

NOVOTEL ҮШІН ҚҰРБАН БОЛҒАН «ҚАЗАҚСТАН» ҚОНАҚҮЙІ

2025 жылдың сәуірінде Павлодар қаласының орталығындағы төрт қабатты «Қазақстан» қонақүйін бұзу жұмыстары басталды. Ғимараттың салынғанына 66 жыл болған. Өңір әкімдігі сәуірде басталып, маусымға дейін жалғасқан бұзу жұмыстарының мақсатын ресми түрде түсіндірді: мұнда аумағы 10 мың шаршы метрден асатын, құны 7 миллиард теңгелік, 10 қабатты Novotel қонақүйі бой көтермек. Нысанды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Жобаның инвесторы – «Orient Group KZ» ЖШС құрылтайшысы Руслан Шаекин. Асайын Байханов инвестормен жеке кездесіп, құрылыс алаңына да барған. Әкім халықаралық брендпен ашылатын қонақүй өңірдің туристік инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосатынына сенім білдірген.

Фото: Instagram.com

Алайда өлкетанушы Людмила Баушева сол кезде Facebook парақшасында ғимараттың жағдайына қатысты өз пікірін ашық жазды:

– Әлі де әбден берік, мықты тұр.

Ол қонақүйдің 60 жылдан астам тарихында сыртқы келбеті көп өзгермегенін, тың игеру мен индустриялық Павлодардың қарқынды құрылысы жүріп жатқан жылдары бұл жерден бос орын табу мүмкін болмағанын еске салды.

Қала тұрғындары әлеуметтік желіде бұдан да өткір пікір білдірді:

– Әкім! Егер тарихымызды осылайша жоя беруге жол берсеңіз, онда сіздің әкім ретінде де, адам ретінде де, осы елдің азаматы ретінде де құныңыз бес тиын!

Пікірлер арасында «тарихқа қиянат», «немқұрайлылық», «балалық шағымыздың ғимараты» деген сөздер жиі ұшырасты.  Алайда бұл оқиғаның ең даулы тұсы тұрғындардың эмоциясында емес, құжаттарда еді. Павлодардағы алғашқы қонақүйді бұзу үшін заңнамаға сәйкес қоршаған ортаға әсерді бағалау рәсімі аясында міндетті қоғамдық тыңдау өткізілуге тиіс болатын. Бірақ бұл талап ескерусіз қалған. Қала тұрғындары бірнеше күн бойы шаң-тозаңға тұншығып, жергілікті экологтар кәсіпкерден шаңға қарсы шаралар қабылдауды неге талап етпеді деген сауал көтергеннен кейін ғана қоғамдық тыңдау мәселесі еске түсті.

Жанжал ушығып кетпесін деген кәсіпкер жобаны жұртшылыққа таныстыруды құп көрді. Бірақ бұл таныстырылым құрылыс басталып, қонақүй сүрілгеннен кейін өткізілмек болды. Дайындық жүріп жатқан кезде қоршаған ортаға әсерді бағалау жобасының құжаттары интернетке тарап кетті. Сөйтсе, онда қонақүй туралы мүлде сөз болмаған. Құжаттарға қарағанда, «Қазақстан» қонақүйі туристерді Павлодарға көптеп тартатын заманауи мейманхана салу үшін емес, «Павлодар халқын жеке баспанамен қамтамасыз ету» мақсатында тұрғын үй тұрғызу үшін сүрілген болып шықты.

Одан кейінгісі тіпті қызық. Қоршаған ортаға әсерді бағалау құжатының соңғы бөлігінде Павлодарда салынуға тиіс тұрғын үй аяқ астынан Қарағанды қаласындағы мекенжайда орналасқан 10 қабатты әкімшілік ғимаратты күрделі жөндеу жобасына айналып кеткен.

Құрылыс компаниясының өкілдері «Қазақстан» қонақүйінің орнында тек қонақүй ғана салынатынын айтып, жұртты сабырға шақырды. Ал құжаттардағы сәйкессіздіктерді үлгі толтыру кезінде кеткен «қателер» мен «шатасқан сілтемелермен» түсіндірді.

«Время» газетінің сол кездегі қорытындысы мынадай болды:

– Әрине, қателесуден ешкім сақтандырылмаған. Бірақ қателер тым көп әрі осындай өрескел болса, бұл жұмыстың атүсті, көзбояушылық үшін ғана жасалғанын аңғартады. Яғни, «болған іс болды, бояуы сіңді» деп, кейін жобаны ешкім қайта ашып оқымайды деген есеп болған.

Ақырында қала өзінің көзге үйреншікті, тарихымен сабақтас ғимараттарының бірінен айырылды. Жұртшылықтың қатысуымен өтуге тиіс рәсім жай ғана формальдылыққа айналды. Ал әкім көптің сынына ел алдына шығып жауап берген жоқ. Ресми түсіндірме – туристік инфрақұрылымды дамыту. Ал құжаттардан байқалған бейресми ұстаным біреу-ақ: әуелі бұзып алайық, кейін түсіндіреміз. Тіпті түсіндірмеуіміз де мүмкін.

«ҮНЕМДІ» ҚҰРЫЛЫС БЮДЖЕТКЕ 484 МИЛЛИОН ТЕҢГЕГЕ ТҮСТІ

2026 жылдың қарашасында Павлодар облысының прокуратурасы кейінгі үш жылда салынған 30 денсаулық сақтау нысанын тексеру қорытындысын жариялады. Тексеру нәтижесінде бюджетке 484 миллион теңге залал келгені анықталды.

Нақты қандай заңбұзушылықтар болған? Қабырғаларды жылытуға жобада көрсетілген пеноплекс орнына қарапайым пенопласт пайдаланылған. Шатыр жобада қарастырылғаннан жұқа материалмен жабылған. Емханаларда сертификатталған медициналық шамдардың орнына тұрмыстық және кеңселерге арналған жарықдиодты шамдар орнатылған. Ал №1 қалалық ауруханаға мүлде орнатылмаған әрі іске қосылмаған жабдық қабылданып, оның ақшасы төленіп кеткен.

Прокуратураның мәліметінше, құрылыс басқармасының лауазымды тұлғалары іс жүзінде орындалмаған жұмыстарды қабылдап, ақысын аударған. Сонымен қатар мердігерлерден айыппұл өндіріп алу шараларын қолданбаған. Осы деректер бойынша әкімшілік және қылмыстық істер қозғалды. Яғни сапалы материалдар мен жұмыс істейтін жабдық үшін ақша бөлінгенімен, нәтижесінде қабырғалары күмәнді материалмен жылытылған, талапқа сай емес шамдар орнатылған, ал кейбір медициналық құрылғылар тек қабылдау актілерінде ғана бар болып шықты.

Мұндай жағдайда облыс ауруханаларының қарызы да назар аудартады. 2026 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша оның көлемі 6,3 миллиард теңгеге жеткен. Ресми түсіндірмеде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру тарифтерінің төмендігі мен қаржыландырудың кешігуі себеп ретінде көрсетілген. Мүмкін, солай да шығар. Бірақ құрылыс кезінде сапалы материалдан үнемделіп, кейін ауруханалар жеткізушілер алдындағы берешегін өтей алмай жатса, мұның арасындағы байланысты аңғару қиын емес.

Бұған медицина саласындағы кадр тапшылығын қосыңыз. 2026 жылы Үкімет деңгейінде облыста медицина мамандарын даярлау жұмысын күшейту және халық арасында, соның ішінде вакцинация мәселесі бойынша жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі айтылды. Бұл үшін арнайы медиажоспар әзірлеу де тапсырылған. Өңірде жалпы практика дәрігерлері, невропатологтар, маммологтар, сәулелік терапия дәрігерлері мен педиатрлар жетіспейді. Әсіресе, ауылдық жерлерде маман тапшылығы сезіледі. Әкім министрге материалдық-техникалық базаны жаңғырту туралы есеп бергені жақсы-ақ. Бірақ әзірге науқастарды емдейтін маманның өзі жетіспейді.

ТӨСЕЛМЕГЕН ЖОЛҒА 45 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ТӨЛЕНГЕН

Облыс бюджетіндегі тағы бір даулы мәселе – Успен ауданы.

Прокуратура ауыл ішіндегі жолды жөндеуге бөлінген бюджет қаражатының заңсыз аударылғанын анықтады. Успен ауылдық округі әкімінің аппараты «МКК-Элит Строй» ЖШС-не іс жүзінде жөнделмеген жол учаскесі үшін 45 миллион теңге төлеген.

Мемлекет қаржысын жымқыру дерегі бойынша әкімдік қызметкерлері мен мердігер ұйым өкілдеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабы (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу) бойынша іс қозғалды. Тергеуді Павлодар облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті жүргізіп жатыр.

Схема бұрыннан таныс: ақша бөлінді, мердігерге аударылды, бірақ жол жөнделмеді. Енді әкімдік аппаратында орындалған жұмыс актілеріне кім қол қойғаны және оның қандай негізде жасалғаны анықталуға тиіс. Бұл мәселеге қатысты шындықты ҰҚК тергеуі ашады деп үміттенеміз.

МЕРДІГЕР ӘКІМДІКТІҢ ЖЕКЕ ЖАУЫНА АЙНАЛҒАН БА?

Тағы бір даулы оқиға 2022 жылдан басталады. Астаналық «Partners Realty» ЖШС Павлодар қаласындағы жолдарды жөндеу бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсын жеңіп алған. Лоттардың жалпы құны шамамен 3 миллиард теңге болған. Алайда компания мен оның адвокатының айтуынша, одан кейін мердігерге қысым көрсету басталған. Барлық лоттың ішінен компанияға тек Қатаев көшесіндегі жол жабынын жөндеу жұмысы ғана бұйырған.

Ulysmedia.kz анықтаған оқиғалар тізбегі кәдімгі өндірістік драманың сценариіне ұқсайды. 2022 жылғы 15 тамызда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі компанияға хат жолдап, жолдың жекелеген учаскелерін әр тоқсан сайын фрезерлеуді талап еткен. Яғни мердігердің жұмысына тікелей араласқан. Кейін тағы бір хат жіберіп, жұмыс кестесін мердігердің өзі белгілейтінін хабарлаған.

Компания апелляциялық сотта жеңіске жеткеннен кейін, 20 тамыздан бастап, адвокаттың айтуынша, «нағыз текетірес» басталған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары жұмысшыларға қоқан-лоқы көрсетіп, техниканың жолға шығуына кедергі келтірген. Ал 24 тамызда Қатаев көшесін аралап жүрген кезде ашуға мінген әкім компания басшылығына жеке өзі:

– Бұл қалада қожайын бізбіз. Саған жұмыс істеуге жол бермейміз! – деген.

2022 жылдың қазанында Байханов полицияға, прокуратураға және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке хат жолдап, компанияның жұмысын тоқтатуды талап еткен. Мердігердің адвокаты мұны қолданыстағы заңнаманы ашық бұзу деп бағалады. Оның айтуынша, ҚР Азаматтық кодексінің 9-бабына сәйкес, мемлекеттік сатып алуға қатысты даулар әкімшілік ықпал ету арқылы емес, сот тәртібімен шешілуге тиіс.

Сол жылдың желтоқсанында әкімдік компанияны жосықсыз жеткізушілер тізіліміне енгізу туралы талап арыз берген. Прокуратура ҚР Қылмыстық кодексінің 365-бабы бойынша (заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру) қылмыстық іс қозғаған. Алайда іс бірнеше рет тоқтатылып, қайта жанданған.

2025 жылдың қаңтарында Ulysmedia.kz бұл істі тергеу 2022 жылғы 22 қарашадан бері жалғасып жатқанын хабарлаған еді. Ол кезде күдік бұрынғы Павлодар қаласының әкімі, қазіргі облыс әкімі Асайын Байханов пен Павлодар қаласының қазіргі әкімі Хасар Хабылбековке қатысты болған. Компания адвокаты Мұрат Адам екі әкімді де қызметінен шеттетіп, қамауға алуды бірнеше рет талап еткен. Алайда оның айтуынша, тергеу органы әкімдердің мәртебесі мен саяси лауазымына байланысты тиісті шара қолданбаған.

2025 жылға қарай Байханов пен Хабылбековке қатысты Қылмыстық кодекстің ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстарына жататын екі бабы – 362-баптың 4-бөлігі және 365-баптың 2-бөлігі бойынша іс қозғалғаны белгілі болды. Адвокаттың мәліметінше, бұл істер бойынша сотқа дейінгі тергеу де аяқталған. 2025 жылғы 20 наурызда 365-баптың 2-бөлігі бойынша іс, ал 28 наурызда 364-баптың 2-бөлігі бойынша тергеу аяқталған.

Алайда Павлодар облысының прокуратурасы тергеу құпиясын алға тартып, іс туралы ақпаратты жариялауға болмайтынын мәлімдеген. PRAVDA EST басылымының мәліметінше, іс материалдары Павлодар прокуратурасынан «жай ғана жоғалып кеткен».

Байхановтың өзі 2024 жылдың қарашасында істің «аяқталуға жақын» екенін айтып, әкімдік «барлық сот процесінде жеңіске жеткенін» мәлімдеген. Ал мердігер болса, тұрғындар игілігін көріп жүрген жолды жөндегені үшін әлі күнге дейін ақшасын ала алмай келеді.

«АВИАҚАЛАШЫҚТАҒЫ» ӘЛЕУМЕТТІК БАСПАНА: ҚАБЫРҒАСЫН ЗЕҢ БАСҚАН ҮЙЛЕР

2024 жылдың соңында «Авиақалашық» шағынауданында әлеуметтік осал топтарға арналған екі пәтерлі 10 үй пайдалануға берілді. Оған 19 отбасы қоныстанған. Алайда көптен күткен қоныс тойы қуанышқа айнала қоймады. Көп ұзамай үйлердің қабырғасы жарылып, сылағы түсіп, бұрыштарын зең басқаны, тіпті шам орнататын тесіктен су аққаны белгілі болды.

Электр жарығы жиі сөніп, онымен бірге жылыту қазандығы да тоқтап қалған. Тұрғындар ай сайын электр энергиясына 12 мың теңгеден астам ақша төлейтінін айтқан.

Сандуғаш Қайдарова баспана кезегінде 15 жылға жуық тұрған. Ақыры үйлі болғанымен, жаз бойы терезесін тәулік бойы ашық ұстап, үйдің іші кепсін деп пеш жағуға мәжбүр болған. Ол телеарна тілшілеріне жағдайын былай түсіндірген:

– Үнемі ауырамыз. Үй дымқыл. Күн суыта бастағалы жөтеліміз басылмайды. Ауруханадан шығамыз, бір күн мектепке барамыз да, қайтадан ауырып қаламыз.

Фото: Kazinform

Әкімдік үйдегі кемшіліктерді мойындаған. Мердігер оларды кепілдік мерзімі аясында жоюға тиіс. Адамдар бұл үйлерде әлдеқашан тұрып жатыр. Балалар аурудан көз ашпайды. Құжат жүзінде бұл – кепілдік бойынша жөнделуге тиіс нысан. Ал шын мәнінде, әлеуметтік баспанаға қол жеткізген отбасылар жаңа үйге кірген бойда жөндеу жүргізуге мәжбүр болып, біреулердің үнемшілдігінің зардабын тартып отыр.

КОММУНАЛДЫҚ МАШАҚАТТАН КӨЗ АШПАҒАН ӨҢІР

Жылу мәселесі. 2026 жылғы жылыту маусымы басталғалы Павлодар облысында жылудың жеткіліксіз берілуіне қатысты мыңнан астам шағым тіркелген. Оның 900-ден астамы облыс орталығынан, 25-і Екібастұздан, 24-і Ақсудан түскен. Қаңтардағы аяз кезінде Павлодар тұрғындары жылы көрпенің астында бүрсеңдеп отырғандарын, үй ішіндегі температура 18 градустан аспайтынын айтқан. Ал ПИК-ке шағымданса, «батарея бітеліп қалған» деген жауап алған.

Энергетиктер болса, жылу электр орталықтары штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеген. Олардың дерегінше, 13-19 қаңтар аралығындағы аяз кезінде 10 өтініш түскен, бірақ жылу беру параметрлеріне қатысты бірде-бір шағым расталмаған. Демек, мыңдаған тұрғынның шағымын жай ғана статистикалық ауытқу дейміз бе? Әлде жұрттың бәрі бірдей ақыл-есін жоғалта бастаған ба?

Жылу желілерінің жағдайы да мәз емес. 2026 жылғы тамызда «Павлодар жылу желілері» кәсіпорны облыс орталығындағы жылу құбырларының жалпы ұзындығы 400 шақырымнан асатынын, оның шамамен 87 пайызы тозғанын хабарлаған. Мұндай жағдайда құбырлардың жарылуы таңғаларлық емес. 2026 жылғы тамызда Павлодар тұрғыны құбыр жарылып, қайнаған су жиналған шұңқырға құлап кеткен еді. Кейін оған өтемақы төленген.

2026 жылы премьер-министр Павлодарды қоса алғанда, бірқатар өңірдің әкімдеріне жылуға қатысты шағымдарға жедел жауап беруді арнайы тапсырған. Мәселе Үкімет басшысының деңгейіне жетсе, оны енді жай ғана «жекелеген қателік» деп қарастыру қиын.

КӨШ СОҢЫНДА ҚАЛҒАН ӨҢІР

2024 жылы экология вице-министрі Жомарт Әлиев Павлодар облысын экологиялық жол карталарын жүзеге асыру бойынша «артта қалған өңірлердің бірі» деп атаған. Жоспардағы 33 тармақтың тек 14-і ғана белгіленген мерзімде орындалған. Министрлік бұл мәселені алғаш рет көтеріп отырған жоқ.

Байхановтың өзі Threads желісінде жағдайды былай түсіндірген:

– Кейбіреулер экологияны бір жылдың ішінде өзгерткісі келеді. Бірақ біз оны бір жылда өзгерте алмаймыз. Экономиканың құрылымы 60-70 жыл бұрын қалыптасқан.

Әкімнің уәжін түсінуге болады: зауыттар ескі, мәселенің жауапкершілігі де бір адамға ғана артылмайды. Бірақ экологиялық жол картасы «бір жылда бәрін өзгерту» туралы емес. Онда нақты атқарылуға тиіс жұмыстар мен олардың мерзімі белгіленген. Ал 33 тармақтың тек 14-інің орындалуы – экономиканың тарихи қалыптасқан құрылымы емес, орындалмаған міндеттемелер.

Екібастұзда да экологиялық ахуал күрделі. Тұрғындар ауаның ластануына жиі шағымданады. Байханов 2026 жылы көмір разрездеріне барып, тұрғындардың өтініштерін тексерген. Тексерген дұрыс. Бірақ өндірісі дамыған өңір экологиялық мәселелерін жылдар бойы шеше алмай, ауада көмір шаңы қалқып жүрсе, мұндай тексерулер жай ғана көзбояушылыққа ұқсап кетеді.

ЖАУАПТЫҢ ОРНЫНА THREADS: «МЕН ДЕ АДАММЫН» ЖӘНЕ «МЕНІ ЕШКІМ ЖАҚСЫ КӨРМЕЙДІ»

Байхановты Қазақстандағы Threads желісінде ең белсенді әкімдердің бірі деуге болады. Ол қолданушылардың пікіріне жауап береді, әзілдеседі, мас күйінде көлік жүргізгені үшін қарындасының ұсталғанын талқылайды, тіпті өңірдегі күйеу жігіттердің тапшылығы туралы да пікір білдіреді.

2025 жылғы желтоқсанда өткен брифингте журналистер одан өңірде шешімін таппаған мәселелер көбейіп жатқанда, жеке өміріне қатысты жазбалар жариялаудың қаншалықты орынды екенін сұраған.

– Әлеуметтік желіде отырмасаң сынайды. Отырсаң да сынайды. Мен де адаммын, азаматпын. Менің де отбасым, өз өмірім бар, - деді әкім.

Бір қолданушы оны «ең пайдасыз әкім» деп атағанда, Байханов: «Дәлел таусылғанда, «ешкім жақсы көрмейді» деген әңгіме басталады))» деп жауап берген. Тағы бір пікір қалдырушы әкімнің автобусқа бірнеше рет мінгені халықпен етене араласатынын білдірмейтінін айтқан.

Әлеуметтік желі – байланыс құралы. Бірақ оның ар жағында не болып жатқаны маңызды. Көпшілік алдында айтылмай қалған мәселелер аз емес. 60 жылдан астам тарихы бар қонақүйдің сүрілуі. Бюджетке келтірілген 484 миллион теңге залал мен төселмеген жолға төленген 45 миллион теңге. Жаңа үйлердегі зең басқан қабырғалар мен жөтелден көз ашпаған балалар. Адамдар әлі күнге дейін пайдаланып жүрген жолдың ақысын ала алмай жүрген мердігер. Мыңнан астам жылу шағымының бірде-бірі расталмағаны туралы ресми мәлімдеме. Мұның бәрі – тарқатылмаған түйткілі көп өңірді басқаратын топтың жұмысына қатысты нақты сұрақтар.

Асайын Байхановқа айтылған сынның бәрі – ерте ме, кеш пе жауап берілуге тиіс сауалдардың тізімі. Бұл сұрақтарға Threads желісінде емес, ең алдымен өңір тұрғындарының алдында жауап беруге тура келеді.

 

Сізге қызық болуы мүмкін