«Қазатомөнеркәсіп» басқарма мүшесі сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен ұсталды

facebook / Қуаныш Омарбеков

2026 жылғы 23 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма мүшесі Қуаныш Омарбековті және басқа да адамдарды ұстады. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Ведомство мәліметінше, ұсталғандар «Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысты деген күдікке ілінген.

– Қазір Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 367-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Бұл бап аса ірі мөлшерде пара бергені үшін жауапкершілікті көздейді.  Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге мәліметтері жария етілмейді, – делінген хабарламада.

ҰҚК Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау және «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтау аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жалғасып жатқанын атап өтті.

Қуаныш Омарбеков кім?

Қуаныш Омарбеков 2023 жылдың маусымынан бастап «Қазатомөнеркәсіптің» өндіріс жөніндегі басшысы қызметін атқарды. Атом өнеркәсібіндегі еңбек жолын 2011 жылы бастаған. Алғашында KAP Logistics еншілес компаниясында жұмыс істеп, 2018–2022 жылдары оның бас директоры болған.

«Қазатомөнеркәсіп» – әлемдегі ең ірі уран өндіруші компания. Оның ірі акционері – «Самұрық-Қазына» қоры.

Контекст

Еске салайық, 11 қарашада ҰҚК «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысы Елжас Отыншиевті ұстады. Екеуі де пара алуға оқталды деген күдікке ілініп, 14 қарашада сот оларды қамауға алды.

2016-2017 жылдары Жақыповтың өзі «Қазатомөнеркәсіп» басқармасының құрамында болған.

Қасым-Жомарт Тоқаев қор мен «Қазақстан темір жолындағы» ұсталғандарды мемлекеттік компаниялардағы ауқымды сыбайлас жемқорлықтың белгісі деп атады.

Сізге қызық болуы мүмкін