«Қазақмыста» жұмысқа орналастыру үшін ақша сұраған

Қазақмыс

Жезқазған, Сәтбаев және Балқаш қалаларында «Қазақмыс» корпорациясына жұмысқа орналастыру кезінде алаяқтық және пара алу деректері бойынша үш қылмыстық іс қозғалды. Компания жұмысқа тұру үшін ешкімге ақша төлеудің қажеті жоқ екенін ескертті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Корпорацияның баспасөз қызметінің мәліметінше, заңбұзушылықтарды қараша айында «Қазақмыстың» қауіпсіздік қызметі мен құқық қорғау органдары анықтаған. Қазір аталған істер бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр.

Коммерциялық пара алу парақорлыққа ұқсайды. Алайда оның айырмашылығы – ақшаны мемлекеттік қызметкер емес, жеке компанияның жұмысшысы алады.

«Қазақмыс» корпорациясы қызметтік жағдайын немесе компаниямен байланысын жеке басының пайдасына пайдаланып, жұмысқа орналастыруға көмектесуге жол берілмейтінін мәлімдеді.

– «Қазақмысқа» тек ашық конкурс арқылы және тегін жұмысқа орналасуға болады. Іріктеудің ешбір кезеңінде үміткерлер ақша төлемеуі немесе қандай да бір сыйақы бермеуі керек, – делінген компания хабарламасында.

Корпорация барлық бос жұмыс орнын career.kazakhmys.kz мансаптық порталында жариялайды. Жұмыс іздеушілерден ақшаға жұмысқа орналастыруға кепілдік беретін адамдардың сөзіне сенбеу және делдалдарға ақы төлемеу сұралды.

Контекст

Еске салайық, биыл ақпанда Ұлытау облысының полициясы өңір тұрғындарын «Қазақмысқа» ақшаға жұмысқа орналастыруға уәде берген адамдарға қатысты тоғыз істі тергеген. Оның алтауы сотқа жолданды. Келтірілген жалпы шығын 16 миллион теңгеден асты.

Бұған дейін Жезқазғанда корпорацияға жұмысқа орналастыруға көмектесемін деп, 1,6-2,5 миллион теңге аралығында ақша алған «Қазақмыс» слесарі ұсталған еді. Оның кадр мәселелеріне ешқандай қатысы болмаған. Прокуратураның мәліметінше, ол 2025 жылғы қаңтар-тамыз аралығында алтыдан астам адамды алдаған.

Еске салайық, 2025 жылдың соңынан бастап «Қазақмыс» Qazaq Stroy компаниясының иесі Нұрлан Артықбаевтың меншігіне өтті. Ол корпорацияны Владимир Ким мен Эдуард Огайдан 595 миллиард теңгеге сатып алған.

Сізге қызық болуы мүмкін