Белгілі фермер әрі қоғам белсендісі Алмазбек Садырбайға Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша жиынтықтап 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы сұралды. Бұл туралы оның адвокаты Анара Құсайынова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қорғаушының айтуынша, мемлекеттік айыптаушы Әлімжан Санабаев Садырбайға аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау, ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған басшылық ету, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру айыптары бойынша осындай жаза тағайындауды сұраған.
Адвокат сот тергеуі жеті айға созылғанын, ал қылмыстық іс материалдары жүздеген томнан тұратынын атап өтті.
– Негізінде, мемлекеттік айыптаушы Әлімжан Санабаевтың айыптау сөзінде Алматы облысының мамандандырылған прокуратурасы Алмазбек Садырбай мен басқа да сотталушыларға тағылған үш қылмыстық құқықбұзушылықтың құрамын анықтады деген қорытындыға қандай дәлелдер негіз болғанына талдау жасалмады, – деп жазды Құсайынова.
Сот отырысын түсіруге тыйым салу және жәбірленуші өкіліне қатысты дау
Адвокат судья Нұрсұлтан Қойшыбаев төрағалық еткен сот процесінде болған өзге де жайттарды еске салды.
Атап айтқанда, соттың үшінші отырысында прокурордың өтінішхаты бойынша сот өз шешімін өзгертіп, журналистерге процесті фото және видеоға түсіруге тыйым салған.
Бұдан бөлек, Құсайынованың айтуынша, сот отырыстары кезінде мемлекеттік айыптаушы жәбірленуші ретінде заңда белгіленген тәртіппен танылмаған адамнан жәбірленушінің өкілі ретінде жауап алған.
– Мемлекеттік айыптаушы өзінің жәбірленуші тараптың төрт өкілін де танымайтынын айтқан ескертуімнен кейін Әлімжан Санабаев соттан әлгі адам өзін жаңылыстырғаны үшін оған қатысты жеке қаулы шығаруды сұрады, – деп жазды адвокат.
Материал жарияланған сәтте адвокаттың мәлімдемесіне қатысты Алматы облысының прокуратурасы мен сотынан ресми түсініктеме түспеген.
Контекст
Алмазбек Садырбай – фермер, қоғам белсендісі, «Шопан-ата» ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының бұрынғы төрағасы. Ұсталғанға дейін ол бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде аграрлық саясат пен Ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысына қатысты сын айтып жүрген.
Садырбайдың ұсталғаны 2024 жылғы қараша айының басында белгілі болды. Сол кезде Қаржылық мониторинг агенттігі Алматы облысында мемлекеттік субсидияларды заңсыз алу схемасына қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаған.
Тергеу нұсқасы бойынша, 2021-2024 жылдары бір топ адам кооперативтерді дамытуға арналған субсидияларды жалған құжаттар арқылы рәсімдеген. Бұл үшін шаруашылық басшыларының рұқсатынсыз жалған кадастрлық нөмірлер мен олардың электрондық цифрлық қолтаңбалары пайдаланылған.
Тергеу дерегінше, мемлекетке келтірілген шығын 1,2 миллиард теңгеден асқан. Сот алдында жеті адам жауап беріп жатыр.
Садырбайға аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және ұйымдасқан қылмыстық топты басқару айыптары тағылды. Сотталушы мен оның қорғаушылары тағылған айыптардың барлығын жоққа шығарады.