Орал қаласының Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына қатаң сөгіс жарияланды. Оның бөлімшесі ұзындығы 1,2 шақырым жолды күрделі жөндеуге 272 млн теңгеге келісімшарт жасасқан. Алайда прокуратура тексеру барысында бірқатар заңбұзушылықты анықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Мемлекеттік сатып алу кезінде заңбұзушылықтарға жол берілгенін Орал прокуратурасы анықтады.
Тексеру нәтижесінде бөлімнің бюджет заңнамасын бұзғаны, сондай-ақ жоспарланған жұмыстардың жөндеу түріне сәйкес келмейтіні белгілі болды. Бұдан бөлек, шенеуніктер аталған жол учаскесіне асфальт төсеу қажеттігін ешқандай негізбен дәлелдемеген.
Келісімшарт сомасын жолдың ұзындығына шаққанда, бір шақырымға шамамен 227 млн теңгеден келеді.
Прокуратураның наразылығынан кейін келісімшарт бұзылды.
– Осылайша, бюджет қаражатының 272 млн теңгесін негізсіз жұмсауға жол берілмеді, – делінген ведомство хабарламасында.
Прокуратура нақты қай жол учаскесі туралы сөз болғанын және жазаланған бөлім басшысының аты-жөнін жарияламады.
Контекст
Еске салайық, жазда Қазақстанда жол жөндеу нормалары жаңартылды. Енді тәулігіне 200-ден аз көлік жүретін жол учаскелеріне асфальт төсемей, қиыршық тас, малтатас және нығайтылған топырақ пайдалануға болады.
Көлік министрлігі мұндай жолдарға асфальтбетон төсеу 1,5-3 есе қымбатқа түсетінін және экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін түсіндірген еді.