Назарбаев келмей ме? Экс-президент дауыс беріп жүрген сайлау учаскесінде не өзгерді?

Ulysmedia.kz коллажы

Астанада Нұрсұлтан Назарбаев кейінгі жылдары дауыс беріп жүрген сайлау учаскесінде биыл жағдай әдеттегіден өзгеше, деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі.

Назарбаев дауыс беріп жүрген сайлау учаскесінде не өзгерді?

№228 сайлау учаскесі «Астана Опера» театрының ғимаратында орналасқан. Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұған дейінгі сайлауларда осы учаскеде дауыс беріп келген.

Алайда 29 қарашада Ulysmedia.kz тілшісі бірқатар өзгерісті байқаған. Бұрын театрдың бас фойесінде орналасқан сайлау учаскесі бұл жолы басқа жерге көшірілген. Дауыс беруге арналған орынның аумағы да шамамен үш есе қысқарған.

Бұған қоса, Назарбаев келген кезде әдетте күшейтілетін күзет пен оны ертіп жүретін қызметкерлер де бұл жолы көзге түспеді. Мұндағы жағдайға қарағанда, экс-президенттің бүгін сайлау учаскесіне келуі жоспарланбаған болуы мүмкін.

Қазақстанда сайлау өтіп жатыр

29 қарашада елімізде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлау өтіп жатыр. Қазақстандықтар 228 мәслихатқа 3 447 депутат сайлайды. Сайлаушылар тізіміне 12,6 миллионнан астам азамат енгізілген.

Астанада 446 сайлау учаскесі ашылды. Кейбір учаскелерде алғашқылардың бірі болып дауыс берген тұрғындарға сыйлықтар табысталып жатыр.

Ал Тәуелсіздік сарайының маңында қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Ulysmedia.kz тілшісінің хабарлауынша, журналистер сарайға алдын ала әзірленген тізім бойынша кіргізіліп жатыр.

Алматыда 670, Алматы облысында 683 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр.

Ulysmedia.kz редакциясы еліміздің әр өңіріндегі сайлау барысын назарда ұстап отыр.

Сізге қызық болуы мүмкін