Қарағанды облысында жолай көлікке мініп, із-түзсіз жоғалған 41 жастағы әйелді іздестіру жұмыстары аяқталды. Оны құтқарушылар, полиция қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар қызметтік иттер мен дрондардың көмегімен іздеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 28 қарашада 1985 жылы туған әйел Қарағанды қаласынан Нұра ауданының Изенді ауылына қарай жолға шыққан. Ол жолай көлікке мінген, алайда содан кейін байланысқа шықпай қойған.
Әйелмен байланысу мүмкін болмаған соң, іздестіру жұмыстары басталды.
Іздестіру жұмыстарына ТЖМ қызметкерлері, полиция мен жергілікті тұрғындар қатысты. Айналаны шолып, тексеру үшін дрондар мен қызметтік иттер жұмылдырылды.
29 қарашада таңертең іздестіру тобы жоғалған әйелді жергілікті тұрғындардың біріне тиесілі шөп қорадан тапты.
ТЖМ мәліметінше, әйелге медициналық көмек қажет болмаған.