Атырау қаласы судың астында қалып жатыр. Алайда, апаттың ауқымы әкімнің орынбасары Қайрат Нұртаевты алаңдатып жатқан жоқ сыңайлы, ол облыс орталығын қар құрсауынан құтқарып қана қоймай, бір аптаның ішінде барлық суды сорып алуға уәде берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әдеттегіден көп жауған қардан кейін қала тұрғындары жергілікті биліктің шара қолданбай жатқанына наразы болып, қарды шығаруды сұрап, жолдар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүру мүмкін еместігін дәлелдейтін фотосуреттерді әкімдікке жіберді.
“Қаладағы қарды тазалауға «Арнаулыавтобаза» ЖШС-нен 39 бірлік техника, қаладағы ірі кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлерден 86 бірлік техника жұмылдырылды. Бұған дейін қаладан 52 мың текше метр қар шығарылған болатын. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілерге, тас жолдарға, көпірлерге, қауіпті жол айрықтарына 516 тонна реагент себілді”, - деді бүгін Нұртаев.
Қала басшысы қармен, су тасқынымен күресу жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатқанын сендірді.
“Осы мақсатта қала 21 аумаққа бөлініп, уақытылы тазартылып жатыр”, – деді әкімнің орынбасары көпшілікке.
Ол тұрғындардан ауладағы қарды көшеге шығаруды өтінген. Кейін бұл қарды жауапты мекемелер көшеден шығаратын болады.
“Осылайша, үйлерді су басу қаупінен сақтаймыз”, – деді шенеунік.
Сондай-ақ, әкімдік ірі мекемелермен, сауда орталықтарымен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, олар да қармен күресіп жатқанын айтты.
“Жалпы, бүгінде Атырауда су басу қаупі жоқ. Негізгі көліктер қауіпті аумақ саналатын Сарықамыс және Геолог ықшамаудандарына жұмылдырылды. Су алатын машиналарды іске қостық. Бір аптаның ішінде қаланы қар мен судан тазартуды жоспарлап отырмыз”, - деді Нұртаев.
Әзірге техногендік төтенше жағдай жойылған жоқ, қала тұрғындары көшеге шықпауға тырысуда.