«ӨКМ Операторы» ісі: Сот залында фото, видео түсіруге тыйым салынуы мүмкін

Ғалиасқар Думан

«ӨКМ Операторы» ЖШС-ге қатысты іс бойынша айыпталушылардың бірі  – бұрынғы экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұловтың адвокаты сот отырысынан фото және бейнежазба жасауға тыйым салуды сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

«Бұқаралық ақпарат құралдарына А.Пірімқұловтың суретін және видеосын түсіруге және оны БАҚ беттерінде жариялауға тыйым салуды сұраймыз», - деді адвокат Әлімғожина.

Қорғаушыеың сөзінше,  БАҚ-та, әлеуметтік желіде таралатын фотолар мен видеолар айыпталушының кәмелетке толмаған балалары үшін теріс әсер етуі мүмкін. Осы іс бойынша айыпталып жатқан «ӨКМ Операторы» ЖШС экс-Басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев те аталған талапты қолдады.

«Мен адвокат Әлімғожинаның ұсынысын қолдаймын. Сондай-ақ сот отырысында және одан тыс жерлерде мені суретке түсірмеуін сұраймын. БАҚ-қа қатысты менде басқа қарсылық жоқ. Сот отырысына қатыса берсін», - деді Медет Құмарғалиев. 

Аталған мәселе бойынша шешім  20 сәуірде өтетін сот отырысында шығарылмақ.

Еске салайық, Астанадағы Байқоңыр аудандық № 2 сотында "ӨКМ Операторы" ЖШС ісі бойынша негізгі сот талқылауы басталды.

Сотталушылар орындығында экс-экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов, "ӨКМ Операторы" ЖШС-нің бұрынғы басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев, бұрынғы қаржы директоры Рустам Темірбек және "ӨКМ Операторы" экс-Бас директоры Светлана Коротенко отыр.

Олардың барлығы миллиардтаған қаржы жымқырды деп айыпталуда.

Қаңтар оқиғасынан кейін бұрынғы президенттің кіші қызы Әлия Назарбаевамен байланыстырылатын компания да дау ошағына айналды.

"ӨКМ Операторы" бірнеше рет сынға ұшырады. Алдымен компанияның басқарушы директоры Руслан Шамшиевтің қайтыс болғаны, дәлірек айтсақ, өз-өзіне қол жұмсағаны туралы белгілі болды, содан кейін сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қатысты күдікпен экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен "ӨКМ Операторы" Басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев қамауға алынды.

Кейінірек компанияның бұрынғы бас директоры Светлана Коротенко да тергеу изоляторына жіберілді.

Бұдан бұрын Антикор тергеу 2016-2021 жылдар кезеңінде көлік құралдарын кәдеге жарату үшін артық құнды белгілеу жолымен 20 млрд теңгеден астам қаржы ұрлау дерегі бойынша жүріп жатқанын мәлімдеген.