Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының шаруаларына суармалы су бірнеше есе қымбатқа берілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті мәлім етті.
"2015 жылдан бастап өңірде 24 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істеген, олар суды Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналынан 1 текше су үшін 78 тиыннан алып, ал шаруаларға бір гектар жер үшін 20 000 – 28 000 теңгеден берген, осылайша монополист рөлін атқарған. Шаруа қожалығы меншік иесінің айтуынша, бір маусымда ол 60 гектар жерді суару үшін 1 миллион теңгеден астам ақша төлеген", - делінген ведоство хабарламасында.
Салдарынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің құқықтары бұзылған. Қазіргі күні антикордың ұсынысымен облыс әкімдігі "Алматы облыстық Су шаруашылығы" коммуналдық кәсіпорны деп аталатын су шаруашылығының бірыңғай операторын құрып, оның балансына барлық суару желілерін өткізді.
Нәтижесінде, биыл 30 000-ға жуық шаруа және фермер қожалықтары суды қолайлы бағамен алатын болды.