Парламент Мәжілісінде «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы.
«Заң жобасының мақсаты – сыртқы жарнамалар мен әртүрлі маңдайшалардағы, басқа да реквизиттер мен көрнекі ақпараттардың мемлекеттік тілде дұрыс жазылуы, мәтіндердің түпнұсқалы аударылуы бойынша қосымша талаптарды белгілеу. Бүгінгі күні мемлекеттік тілдің мәселесі бәрімізді алаңдатады. Соның ішінде сайлаушыларымыз жиі көтеретіні – көрнекі ақпараттағы қазақ тіліндегі мәтіндердің сауатсыздығы, ал кейбіреулерде тіпті қазақ тіліндегі мәтіннің болмауы», - деді Берік Әбдіғали.
Депутаттың айтуынша, құжат елдімекендердің, сондай-ақ басқа да географиялық нысандардың дәстүрлі тарихи қалыптасқан қазақ атауларын тек мемлекеттік тілде жазуды, мемлекеттік емес ұйымдардың бланкілері мен маңдайшаларында сөзді мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда ғана орыс тілінде жазуды, жол белгілеріндегі жазуларды мемлекеттік тілде жазуды, хабарландыруды, жарнаманы, прес-куранттарды, ас мәзірін, нұсқағыштары мен басқа да көрнекі ақпаратты мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс немесе басқа тілде жазуды көздейді.
«Халық денсаулығы кодексіне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар нұсқаулықтарының, таңбалаудың, стикерлердің барлық мәтіні Тілдер туралы заң талаптарына сәйкес, түпнұсқалық мағынасы мен орфографияны сақтай отырып, жазу жөнінде толықтырулар енгізілді. Дегенмен бірқатар ұсыныстар әлі пысықталып жатыр. Оларды мемлекеттік тілге байланысты бөлек заң жобасын дайындап, сол жерде кең көлемде көздеуді ұйғардық», - деді ол.