Жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектор мен қорықшыға күш көрсетілген жағдайда 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейтін жаңа бап енгізілді. Бұл жайында орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Данияр Тұрғамбаев браконьерлікпен күрес жөніндегі шараларды күшейту туралы брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды ulysmedia.kz тілшісі.
Оның айтуынша, браконьерлікпен күрес бойынша қылмыстық заңнамаларды күшейту бойынша бірқатар толықтыру мен өзгеріс енгізілген.
«380-1-бапта жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың және қорықшының өміріне қауіп төндіргені үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Сондай-ақ жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік қорықшыға күш қолданғаны үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейтін жаңа 380-2-бап енгізілді», – деді ол.
Сондай-ақ 339-бапқа киікті, оның ішінде киік мүйіздерін заңсыз алуды, сатып алуды, сақтауды, өткізуді, әкелуді, әкетуді, жөнелтуді, тасымалдауды немесе жоюды көздейтін 1-1-бөлік енгізілді. Ол үшін санкция 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығын шектеуді не айыруды көздейді, мүлкі тәркіленеді.