Мемлекетке қайтарылған активтерді жинақтайтын қор және басқарушы компания құрылады

Ғалиасқар Думан

Парламент Мәжілісі заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару туралы заң жобасын жұмысқа алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Pixabay

Алдағы уақытта Мәжілісте «Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР кодексіне (Салық кодексі) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Прокуратура туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары қаралады.

«Аталған 5 заң жобасын «Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы» ҚР Президентінің 2022 жылғы 26 қарашадағы № 3 Жарлығын орындау мақсатында Парламент Мәжілісінің депутаттары әзірледі. Негізгі заң жобасы активтерді анықтау және қайтару үшін қажет заңнамалық негіздер мен жаңа құралдардың болмауына байланысты активтерді қайтарудың тетіктерін айқындауға бағытталған. Ілеспелі заң жобалар негізгі заң жобасының ережелерін жүзеге асыру мақсатында әзірленді және қолданыстағы заңнамаға бірқатар түзетулер енгізілмек», - деді депутат Магеррам Магеррамов Мәжілістің жалпы отырысында.

Осы орайда «Прокуратура туралы» Конституциялық заңға, Азаматтық, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Салық, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстеріне және басқа да заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар қарастырылған. Жалпы саны 11 кодекс және 13 заңға түзетулер ескерілген.

«Заң жобаларын қабылдаудың мынадай оң әлеуметтік-экономикалық әсері бар: қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, заңсыз сатып алынған және шығарылған активтерді мемлекетке қайтару арқылы Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру, активтерді ерікті түрде қайтаруды ынталандыру, активтерді заңсыз сатып алуға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою. «Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасы және ілеспе заң жобалары қолданысқа енгізілгеннен кейін, Бас прокуратураның құрылымында заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі жеке ведомство құрылады. Ол осы саладағы уәкілетті органның функцияларын орындайды», - деді Мәжіліс депутаты.

Бұдан басқа, мемлекетке қайтарылған активтерді жинақтау әрі басқару мәселелері бойынша арнайы мемлекеттік қор және басқарушы компания құрылады. Бұл қайтарылған активтерді Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруға бағыттауға мүмкіндік береді.