Қайрат Құдайбергенді қамауда ұстау мерзімі тағы ұзартылды

Ғалиасқар Думан

Қайрат Құдайбергенді қамауда ұстау мерзімі 2023 жылдың 21 маусымына дейін ұзартылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

«Алматы Мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының 2023 жылғы 19 мамырдағы ақпараты бойынша, сот қаулысымен тергеу органдарының Қ-ға қатысты қамауда ұстау мерзімін ұзартуын санкциялау туралы өтініші қанағаттандырылды. Яғни 2023 жылдың 21 маусымына дейін», - делінген сот хабарламасында.

Еске салайық, Қайрат Құдайберген өткен жылдың 22 сәуірінде ұсталды. 24 сәуір күні сот қаулысымен тергеу органдарының өтініші қанағаттандырылып, Қайрат Құдайбергенге қатысты әрекетті саралау туралы қаулы шығарылғанға дейін оны 30 тәулік мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берілді. Содан бері оны қамауда ұстау мерзімі үздіксіз ұзартылып келеді.

Қ.Құдайбергенге «Дикий» Арманмен бірге қаңтар оқиғасы кезінде адам жинауды ұйымдастырды деген айып тағылған. Жуырда Алматы қаласы мәслихатының бұрынғы депутаты  порталымызға тергеу камерасынан жолдаған жазбаша жауабында қаңтар оқиғасы жайлы өз нұсқасын айтып берген еді.