«ҚазТрансОйл» АҚ 2023 жылдың мамыр айының аяғына дейін Германияға 100 мың тонна қазақстандық мұнайды жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы акционерлердің жылдық жалпы жиналысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз брифингінде «ҚазТрансОйл» АҚ тасымалдау жөніндегі бас директорының орынбасары Ерік Сағиев мәлімдеді.
«Мамыр айында "Транснефть" ААҚ магистральдық мұнай құбырлары жүйесі арқылы "Адамова застава" мұнай тапсыру пунктінің бағытымен Германияға қазақстандық мұнайды тасымалдау көлемі 100 мың тоннаны құрайды. Атап өткен жөн, жыл басынан бері "ҚазТрансОйл" АҚ Германияға 90 мың тонна мұнай жеткізді»,- деді Е. Сағиев.
2022 жылғы желтоқсанда "ҚазТрансОйл" АҚ-на "Транснефть" ААҚ магистральдық мұнай құбырлары жүйесі арқылы "Адамова застава" мұнай тапсыру пунктінің бағытымен Германияға жеткізу үшін 2023 жылы 1,2 млн тонна қазақстандық мұнайды тасымалдауға жылдық тапсырыс жолданды. Мұнайдың бұл транзиті Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы 2002 жылғы 7 маусымдағы өзара келісім аясында жүзеге асырылады.
"ҚазТрансОйл" АҚ "Адамова застава" мұнай тапсыру пунктінің бағытымен Германияға 1,2 млн тонна қазақстандық мұнайды тасымалдау үшін техникалық мүмкіндіктің бар екендігін растайды. Дегенмен, мұнайды тасымалдаудың нақты көлемі мұнай компанияларының тапсырысына байланысты болмақ.