Бұл Байденнің айласы ғана – экономист АҚШ-тағы дефолт ықтималдығына баға берді

Аян Өрібай

АҚШ президенті Джо Байденнің мемлекеттік қарыз лимитінің проблемасына байланысты дефолт қаупінің барын айтқан мәлімдемесі – саяси айла-шарғыға ұқсайды. Ulysmedia.kz тілшісіне білдірген экономист Расул Рысмамбетов осылай деді.

Фото: Ашық дереккөзден

Айта кетсек,  осы жылдың 1 қазанынан бастап АҚШ билігі конгрес арқылы мемлекеттік қарыздың ең жоғарғы шегін 28,4 триллион доллармен бекіткен болатын. Американың қаржы министрлігі осыған байланысты 18 қазаннан бастап мемлекеттік қарыз бойынша дефолтқа жол бермеу үшін тиісті шараларды қабылдай алатынын мәлімдеген. Алайда президент Джо Байден таяуда ғана елде дефолт болмайтынына уәде бере алмайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, мұның бәрі – республикалықтардың санатындағы сенаторларға, олардың көшбасшысы Митч Макконнелге байланысты.

Экономист Расул Рысмамбетовтың айтуынша, дефолт тақырыбы конгресте саяси сауда құралы ретінде жиі қолданылады.

«Байден дефолт туралы айтқан кезде айла-шарғыға барып отырған секілді. Өйткені, оған Трамптың кезінде басталған инфрақұрылымды қайта құру жұмысын жалғастыру үшін ақша керек болып тұр. Оған қоса Джо Байденге шағын және орта бизнесті қолдап, бизнеске субсидия беру үшін, америкалық ірі мемлекеттік компанияларға қаражат беру мақсатында қосымша қаражат керек», - дейді Расул Рысмамбетов.

Экономистің айтуынша, Джо Байденнің дефолт туралы сөз қозғауы – тек саяси қадам.

«АҚШ-та дефолт ешқашан болмайды. Бұл – мүмкін емес. Білуімше, дефолт олардың тарихында болмаған. Олар қарызды доллар күйінде алады да, керек десеңіз, сол долларды басып шығарады. Бұл – логикалық тұрғыда мүмкін емес. Бүкіл әлем қазір долларды пайдаланатындықтан, бұл таза саяси ойын. Бұл – қалыпты процес. Байденнің алдында Обама да, Трамп та бұл туралы айтқан», - дейді ол.

Әйтсе де АҚШ-та дефолт бола қалған жағдайда бұл Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін? Бұл сұрағымызға экономист былай деп жауап берді.

«Егер дефолт бола қалған жағдайда бізде доллармен тұрған алтын валюталық қоры төмендейді. Өйткені доллар бағамы құлдырайды. Инвесторлар бірден мұнай мен алтынға бас қояды. Ал біздің құрамды бөліктеріміз бірден көтеріледі. Бізде алтын валюталық резервтеріміз стратегиялық тұрғыда өте дұрыс орналастырылған. Ұлттық банктің де, ұлттық қордың да. Әлбетте, сол себепті бұл жағдай бізге әсер ете қоймауы мүмкін. Ең негізгісі, теңге долларға қарағанда күшеюі ықтимал. Бірақ қайталап айтамын: АҚШ-тағы дефолт – мүмкін емес жағдай», - деп түйді Расул Рысмамбетов.