Сенатта арнайы экономикалық аймақтар және еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімі мәселелері жөніндегі заң жобасы қаралды. Заң жобасын қарау барысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарата бұл аймақтарға салынған қаражат ақталмай жатқанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Отырыста Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов арнайы экономикалық аймақтарға салынған қаражат енді ғана өзін ақтап жатқанын атап өткен. Алайда Мәулен Әшімбаев осы мәселеге назар аударып, Жоғары аудиторлық палатаның есебіне назар аударды.
«Арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігіне мемлекет басшысы да бірнеше рет назар аударған. Мәселен, ұлттық мұнай-химия паркі арнайы экономикалық аймағын алайық. Атырауда орналасқан. Жұмыс істеп тұр. Жоғары аудиторлық палатаның есебіне сүйенсек, осы АЭА-ға кейінгі жылдары 162 млрд теңге салынған. Бір ғана аймаққа. Ал 2013-2020 жылдар аралығында бұл аймақтан түскен салық 16 млрд теңге. Яғни мемлекет осы аралықта 162 млрд теңге салған да салық жағынан бар-жоғы 16 млр теңге түскен. Салған қаражаттың 10 ғана пайызы», - дейді Мәулен Әшімбаев.
Сенат төрағасының айтуынша, министрлік өкілдері «енді ғана жұмыс бастап жатырмыз» деп ақталуы мүмкін. Алайда факттар басқаша «сөйлейді».
«Сонымен бірге инфрақұрылым тек 17 пайызына тартылған. Яғни осы арнайы экономикалық аймақтарда инфрақұрылымдардың 80 пайызы салынбаған. Келесі факт: сол жаққа салынған инвестициялардың 99,6 пайызы квазимемлекеттік сектордан салынған. Егер біз осындай үлкен аймақ салып, оған көп ақша салып, алған қайтарымымыз 10 пайыз ғана болса, одан бөлек ол жерге тек квазимемлекеттік сектор инвестиция салса, онда осы аймақтардан не пайда? Квазимемлекеттік сектор осы аймақтарсыз да инвестиция салар еді ғой», - дейді ол.
Мәулен Әшімбаев «арнайы экономикалық аймақтар бойынша дұрыстап сөйлесу керек» деп мәлім етті.