ШҚО-да дала өрті өршіп тұр: 30-дан астам адам жауапқа тартылды

Ғалиасқар Думан

Шығыс Қазақстан облысында күн сайын 15-тен астам дала өрті тіркелуде, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

gov.kz

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, құтқарушылар күн сайын тәулігіне 15-20 ретке дейін дала өртін сөндіруге барады. Мұндай өрттерді ауыздықтаудың қиындығы – от ірі аумаққа жылдам тарап кетеді.

«Өрт қаупі жоғары кезеңде өңірде өрт инспекторлары, орманшылар, полиция қызметкерлері және жергілікті атқарушы орган өкілдері қатарынан жалпы саны 300-ге жуық адамнан тұратын 46 мобильді топ құрылған. Олар 280-нен астам рет рейдке шықты. Соның нәтижесінде, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 32 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - дейді департаменттің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұржан Өміржанов.

 

Осы ретте, облыстық ТЖД қызметкерлері тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін еске салды:

- Терек мамығы от ұшқынынан да тұтанады, тез жанып, жан жаққа тарайды.

- Коммуналдық қызметтер мен халық аулаларды, гараж кооперативтерін қоқыстан тазартуы керек.

- Сөндірілмеген темекі тұқылын жерге тастамаңыз. Ата-аналар балаларына сіріңкемен ойнаудың қауіптілігі туралы түсіндіруі тиіс.

- Далада шөп өртемеңіз.

- Саяжайларда алғашқы өрт сөндіру құралдарын қолжетімді жерде ұстаңыз.

Айта кетейік, бұдан бұрын синоптиктер республиканың 13 өңірінде өрт тұтану қаупі жоғары екенін мәлімдеген.