Алматыда ірі компания салықты төмендеткені үшін миллиардтаған теңге төлейтін болды

Ғалиасқар Думан

Алматы қаласының прокуратурасы «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС  салықты төмендеткенін анықтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

KAZ Minerals

 

Ведомство мәліметінше, аталған салық төлеуші жыл сайын KAZ Minerals Aktogay Finance Limited холдингтік компаниясына дивидендтер төлегені белгілі болды.

“Салық заңнамасының талаптарына сәйкес құн өсімінен түскен табыстар, дивидендтер, сыйақылар, роялти төлем көзінен 15% мөлшерлемесі бойынша салық салуға жатады. Алайда, салық есептілігін зерттеу, ЖШС жыл сайын 2018-2022 жылдар аралығында талап етілетін 15% -дың орнына 10% мөлшерлемесі бойынша салық ұстап, резидент емеске қатысты сыйақы төлегенін көрсетті”, – делінген хабарламада.

Прокуратураның талабы бойынша салық органы ЖШС қызметінде корпоративтік табыс салығын есептеу мен төлеудің дұрыстығын тексеру жүргізді. Аталған фактілер расталды, сондықтан 8,2 млрд теңге көлемінде қосымша салық есептелді.

Салық төлеуші көрсетілген соманы мемлекет кірісіне толық көлемде төледі. Мемлекет мүддесі қорғалды.