Халық бір қарызды екінші қарызбен жамап жүр – депутат

Ғалиасқар Думан

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев қазақстандықтардың жәрдемақыға тәуелділігі артқанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

globalnews.kz

«Халықтың мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдауға тәуелділігі әлі де жоғары деңгейде екені байқалады. Еліміздегі әрбір азаматтың еңбек табысының үштен бір бөлігі осы қолдаумен жамалып отыр. Бұл пандемияға дейінгі кезеңнен едәуір жоғары (2022 жылы – 31%, 2018 жылы – 29%, 2015-2016 жылдары – 23%). Оған қоса, халықтың несие алу деңгейі де өте жоғары. Мысалы 2022 жылы тұтынушылық несие 30%-ға, яғни 13,2 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл бюджетке түсетін салықтық түсімдермен шамалас қаражат, яғни аталған көрсеткіш – халықтың төлем қабілетінің төмендеуінің көрсеткіші, яғни бір қарызды екінші қарызбен жамап жүрген халықпыз», – деді Елнұр Бейсенбаев.

Сондай-ақ, депутат елдегі жұмыссыздық туралы ресми статистика шындықтан әлдеқайда алшақ екенін атап өтті.

Бұл көрсеткіш соңғы бес жылда 5% шамасында сақталып отыр. Бұл көрсеткішке ешкімнің сенбейтіні анық. Алайда, тәуелсіз сарапшылардың бағалауы бойынша, Қазақстандағы жұмыссыздықтың шынайы деңгейі 10%-дан кем емес. Бұл – кемі 900 мың адам деген сөз, яғни екі есе көп, ал бюджеттен бөлінетін қаржы тек уақытша жұмыс орындарын ашуға, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық тиімділікті сақтау үшін жұмсалып отыр, - деді депутат.

Естеріңізде болса, бұдан бұрын мәжілісмен Елнұр Бейсенбаев халықтың орташа табысы мен қымбатшылық жайлы ресми статистика шындыққа сай келмейтінін айтқан.

Депутаттың сауалына жауап берген Әсет Ерғалиев елімізде бағаға мониторинг қалай жүргізілетінін түсіндірді.