Семейдегі орман өрті өршіп барады: жедел штаб құрылды

Ғалиасқар Думан

Абай облысындағы ірі орман өртіне байланысты жедел штаб құрылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТЖМ

Қазіргі уақытта ТЖМ, Орман шаруашылығы комитеті, ЖАО мен Қорғаныс министрлігінен барлығы 600 астам адам, 168 техника жұмылдырылған.

Орман шаруашылығы комитетінің ақпараты бойынша алдын ала болжам бойынша өрттің көлемі – 30 000 га.

“6 тікұшақ тартылды, өрт аумағын аэровизуалды тексеру және өрт ошақтарына су ағызу жүзеге асырылуда. 55 рет көлемі 154 тонна су ағызылды”, – деп мәлім етті ТЖМ.

Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта Бородулиха ауылындағы Островский орта мектебінің және колледж базасында эвакуациялық пункттер ұйымдастырылған.

Успенское, Поднебесное және Барышевка ауылдарының тұрғындары өз бетінше туыстарының үйлеріне орналасты.

Аталған елді мекендерді қорғауға 122 адам және 30-дан астам техника тартылды.

 

Бүгін таңғы сағат 6.30-дан бастап облыс әкімінің орынбасарымен МИ-2 тікұшағында өрт аймағын аэровизуалды барлау жүргізіп жатыр.

«Облыста орман өртіне қарсы күрес бойынша барлық шаралар қабылдануда. Жедел штаб құрылды. Аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев штабтың көшпелі отырысын өткізді», - делінген әкімдік хабарламасында.

Еске салайық, кеше “Семей орманы” аумағында өрт тұтанған болатын. Бұл резерват аумағындағы алғашқы өрт емес.

22 мамырда Алтай өлкесінің аумағындағы Новенькое ауылының маңында құрғақ шөптің жануы салдарынан «Семей орманы» МОТР аумағында орман өртенген болатын.

Өртпен 800-ден астам адам, 10 тікұшақ бірнеше күн бойы арпалысты.

Апатқа байланысты Бородулиха ауданында төтенше жағдай режимі жарияланады.