Қазақстанның қай өңірлерінде жол апатынан өлім-жітім көп

Ғалиасқар Думан

Бұл сұраққа Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

көрнекі фото

«Қала сыртындағы жол апаттардан өлім-жітім Алматы, Жамбыл, Жетісу, Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Түркістан және Маңғыстау облыстарында көп болады. Мысалы, 2023 жылдың 9 маусымында Жамбыл облысында, «Алматы – Ташкент» автожолында «Lexus570» маркалы автокөліктің жүргізушісі рульге ие бола алмай қалып, жол жиегіндегі жыраға аударылған. Апат салдарынан жүргізуші мен оның екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмып, тағы бір жолаушы ауруханаға жеткізілді», - деді Ақтоты Боранова брифингте.

ІІМ өкілі жазғы каникулда балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары ерекше алаңдаушылық туғызатынын атап өтті.

«Жыл басынан еліміз жолдарында кәмелетке толмаған балалар отырған көліктер 1 046 рет жол апатына түскен. Оның салдарынан 72 бала қаза тауып, 1152 бала жарақат алды. Өкінішке қарай, күн сайын жолдарда бір бала қаза тауып, 10-нан астамы зардап шегеді. Апаттан мерт болған балалардың 67%, яғни жартысынан астамы жолаушылар, ал қалған бөлігі жаяу жүргіншілер», - дейді ол.

Айта кетейік, елімізде 2022 жылы 133,5 мың адам қайтыс болды. Өлім-жітімнің негізгі себептері қан айналымы жүйесінің аурулары – 22,7%, ісік – 10,4%, тыныс алу органдарының аурулары – 9,8%, жазатайым оқиғалар, улану мен жарақаттар – 8,4% және ас қорыту жүйесінің аурулары – 8% болды.