Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр Абай облысындағы өрттің қайғылы жайтқа апарып соғуының себебін атады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Оқиғаға дұрыс баға берілмей қалған. Өрт тез тарап кетті. Әлбетте, адам өлімі қашан да қайғылы. Қазір прокуратура тергеу жүргізіп жатыр. Содан кейін толық баға береді», - дейді Роман Скляр үкімет кулуарында.
Бірінші вице-премьердің сөзінше, өрт тұтанған сәтте жедел қимылдағанда қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді.
«Біз өртті сөндіруге болатын кезді – ең әуелгі сәтті жіберіп алдық», - дейді Скляр.
«Нақты қай кімнің кінәсі бар? Кім жауап беруі керек?» деген сұраққа Скляр дұрыс жауап бермеді.
Еске салайық, 8 маусымда “Семей орманы” аумағында өрт тұтанған болатын. 9 маусым күні кешке қарай оның аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайып үлгерді. Осыған байланысты Семей қаласында төтенше жағдай жарияланды.
Абай өңірінде ел тарихындағы ең ірі өртке байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин қызметінен босатылып, жаңа министр тағайындалды. Абай облысының әкімі өз міндетін дұрыс атқармағаны үшін сөгіс алды.
Өртпен арпалысып жүріп 14 адам қаза тапты. «Семей орманы» Новошульба филиалының 14 қызметкерінің фотосуреттерін Экология министрі Зүлфия Сүлейменова жариялады. Мемлекет басшысы шетелге сапарынан бас тартып, өңірге арнайы барып, қаза тапқан орманшылардың отбасына көңіл айтты.
Қаралы қайғыға байланысты 12 маусым елімізде Аза тұту күні болып жарияланды.
Абай облысына аттанған үкіметтік комиссия 10 күн тергеу жүргізіп, өртті сөндіру кезінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарының бұзылуына жол берген адамдарды анықтамақ.