Көкшетауда 40 млн теңге жымқырған аурухана есепшісі 1,5 жылдан кейін ұсталды

Ғалиасқар Думан

Көкшетауда ауруханадан 40 млн теңгеден астам ақшаны ұрлап әкеткен бухгалтер 1,5 жылдан кейін ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

tengrinews.kz

Қалалық прокуратура мәліметінше, күдікті 2020 жылдың желтоқсаны мен 2021 жылдың шілдесі аралығында Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансерінде бухғалтер-кассир болып жұмыс істеген. Ол біреудің электрондық-цифрлық қолтаңбасын заңсыз пайдалану арқылы есеп айырысу шотынан шамамен 42 млн теңге сомасында ақшаны шешіп алып, кейін ізін суытқан.

«2021 жылдың шілдесінде Көкшетау қалалық полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 188-бабы 4-бөлігі 3-бөлімшесі (аса ірі мөлшерде ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Іздестіру шаралары барысында күдікті биылғы жылдың 24 сәуірінде Павлодар қаласында ұсталып, уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Күдікті қылмысын толық мойындады және маусымның 15-де Көкшетау қаласының прокуратурасы айыптау актісі бойынша қылмыстық іс материалдарын соттың қарауына жіберді», - деді ведомстводан.

Прокуратураның баспасөз қызметінен атап өткендей, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің аталмыш бабы бойынша күдіктінің мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Айта кетейік, бұдан бұрын Көкшетауда қоғамдық кеңес мүшесі ұсталған еді.