Мұнай бағасы қайтадан $100-ден асты: танкерлерге жасалған шабуылдар нарықты алаңдатты

Freepic

8 қазанда мұнай бағасы айтарлықтай өсті. Нарық Таяу Шығыстан мұнай жеткізуге қатысты тәуекелдерге қайта назар аударды. Парсы шығанағы мен Ормуз бұғазында кемелерге жасалған шабуылдар жиілеген. Бұған қоса, АҚШ-тағы дауылдың салдарынан компаниялар теңіздегі мұнай өндіру көлемін қысқарта бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Brent маркалы мұнайдың бағасы 2,28% өсіп, барреліне 102,28 долларға жетті. WTI мұнайы 1,88% қымбаттап, 89,94 доллар болды.

Негізгі фактор – Ормуз бұғазындағы ахуал. Соғысқа дейін бұл бағыт арқылы әлемдік мұнай мен мұнай өнімдері жеткізілімінің шамамен 20%-ына тең көлем тасымалданатын.

Алдыңғы аптада бұл аймақта танкерлерге жасалған шабуылдар саны Иранмен қақтығыс басталғалы бері ең жоғары деңгейге жетті. Парсы шығанағындағы елдер экспорт көлемін арттырып жатқандықтан, өңірден шикізат көбірек тасымалданып жатыр. Алайда сонымен бірге тасымалдау құны мен экипаждардың қауіпсіздігіне қатысты тәуекелдер де өсіп отыр.

Кейінгі оқиғалардың бірі Қатардың солтүстігінде болды. Танкерге бірнеше рет соққы жасалып, зардап шеккендер бар.

– Иранның кемелерге жасаған шабуылдарының жиілігі қазір соғыс басталғалы бергі ең жоғары деңгейге жетті және, ықтимал, одан әрі арта түседі, – деді MST Marquee компаниясының энергетика бағытының жетекшісі Сол Кавоник.

Оның айтуынша, мұнай бағасы мұнай өнімдерінің шектеулі ұсынысы, қымбат логистика және жағдайдың одан әрі ушықу қаупіне байланысты жоғары деңгейде қалып отыр.

ХЭА қорларды босатып жатыр, бірақ әсері шектеулі

Бұған дейін нарық Халықаралық энергетикалық агенттіктің мұнай қорларын босатуды жеделдетіп, дизель отынын жеткізуге басымдық беру туралы шешімінен кейін төмендеген еді.

Алайда сарапшылардың айтуынша, сөз бұрын жарияланған 400 млн баррель көлеміндегі жоспарға енген қорларды шығару туралы болуы мүмкін.

– Стратегиялық қорлар ұсынысты уақытша арттыруы мүмкін, бірақ олар мұнай өндірудің жаңа қуаттарын қалыптастырмайды, – деді ANZ сарапшысы Дэниел Хайнс.

АҚШ-тағы дауыл мұнай өндіруді қысқартты

Мұнай бағасын Мексика шығанағындағы жағдай да қолдап отыр. Исайас дауылының жақындауына байланысты Shell мен Chevron теңіздегі платформаларының жұмысын шектей бастады.

7 қазанға қарай өндірушілер өңірдегі мұнай өндіру көлемінің шамамен 25%-ын және газ өндірудің 16%-дан астамын тоқтатты.

АҚШ-тағы мұнай қорлары туралы мәліметтер де нарыққа қосымша қолдау көрсетті. 2 қазанда аяқталған аптада елдегі шикі мұнай қоры 3,2 млн баррельге азайып, 424,1 млн баррель болды.