"Медиа саласына “ПОЗОР”: "Шетелдегі қазақ балалары” жобасы “Тұмардың” шорт-листіне де ілінбеген

Ғалиасқар Думан

Бұл туралы жоба авторы, журналист Жанар Байсемізова-Колесникова мәлім етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

әлеуметтік желіден

Журналистің сөзінше, жоба құжаттарын “Тұмарға” өткізуді  “Жібек жолы” арнасының директоры ұсыныпты.

“Алайда, үміт ақталмады. Басқа саланы айтпағанда журналистикада қандай да бір марапат алу үшін жоғарғы жақтан бір қолдаушың болу қажет екен. Таныс салып қана ала алады екенсің, медаль болсын, марапат болсын. Менің сонша аңғалдығым, бұл жайттан хабардар болсам да, еш әрекет жасамадым. Ешкімнен ешнәрсе сұрамадым. Қазылар алқасын қарасам, бәрі таныс адамдар. Арасында осы жобаның өзектілігін қолдап, сериялық репортаж жасатқызған “Қазақстан” теле-радио корпорациясының бұрынғы төрайымы Нұржан Мұхамеджанова да бар екен. Кезінде бірге жұмыс істеген әріптестестерім де жюридің құрамында отыр. Мені танымайтын, жобаны көрмеген орыстілді жүргізуші, қазіргі депутат қана шығар”, – дейді Жанар Байсемізова.

Ол “Шетелдегі қазақ балалары” жобасын марапат үшін бастамағанын айтты.

“Бұл менің ұзақ жыл бойы ішімді кеміріп, ұйықтатпай жүрген идея еді. Мұхтар Мағауиннің “Маған бәрі ғайыптан келеді” деп айтқанын ойласам, иә, бұл жоба маған ғайыптан келді. Ешкім маған мұндай жоба жаса деп айтқан жоқ. Ешкімнің идеясын ұрлаған жоқпын. “Неужели” бұл жоба көтеріп жатқан мәселе өзекті, маңызды болмады?!  Қазылар алқасы, көрді ме?!”, – деп таңғалады журналист.

Автор “Шетелдегі қазақ балалары” қазақ журналистикасында бұрын-соңды болмаған феномен екенін, осы жобаның арқасында “шетелге жетім бала сату бизнесі” тоқтағанын атап өтті.

“Қазақстанның медиа саласына “ПОЗОР”. Ақпарат және қоғамдық министрлігіне ПОЗОР! Менің басымды кесіп алсаңыздар да, айтамын. Бұндай жолмен, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен, таныс-тамырмен қазақ журналистикасы, Қазақстан журналистикасы дамымайды. Мен, адам салып, Тұмарды алудан арланатын едім. Бетіме “ооо керемет жоба” дейді бәрі. Бірақ сәті келгенде бағаламайды. Құрметтемейді. “Тұмар” да, “Аманат” сыйлығы да фальсификация!”, – деп ашынды ол.

Айта кетейік, «Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесі 2017 жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен құрылған. Бәйге ұйымдастырушыларының сөзінше, сыйлықтың негізгі мақсаты — кәсіби қоғамдастықтың жыл сайынғы әділ бағалауы арқылы қазақстандық телеиндустрияның дамуын ынталандыру.

Ең алғаш 2013 жылы «Қазақстан» ұлттық арнасында жарық көрген «Шетелдегі қазақ балалары» жобасы әлемнің түкпір-түкпірін аралап, шетелдіктер асырап алған қазақтың жетім балаларының тағдырын зерттеп, тұрмыс-тіршілігін көрсетті. Өткен жылы "Jibek Joly" арнасында қайта жанданған жоба 10 жылғы қажырлы еңбек нәтижесінде қаракөздеріміздің шетел асып, елі мен жерінен еріксіз ажырауына тоқтау салды.