Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев аймақтағы су тапшылығы мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әкім мамырдан қыркүйек айының соңына дейін өңірде су жетіспеушілігі болғанын мойындап, мәселенің неден туғанын түсіндірді.
«Жақын арада, 2-3 күнде Мұнайлы ауданында сумен қамтуда келеңсіздік орын алды. Ол технологиялық сорғының істен шығуына байланысты болды. Зауыттың басшылығы және әріптестеріміздің дер кезінде қабылданған шұғыл шараларының нәтижесінде ақау жойылып, қазір Мұнайлы ауданына қажетті деңгейде су беріліп отыр», - деді ол.
Әкімнің сөзінше, Каспий су тұшыту зауытында тәулігіне 20 текше метр су дайындайтын қондырғы жұмыс істеп тұр. Оның 40 мың текше метрге арттыру бойынша жоба жүзеге асырылуда.
«Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмысы 80 пайызға жуық аяқталды. Негізгі технологиялық жабдықтарды, құрылғыларды орнату жөніндегі тапсырыс берілді. Бүгінде олар дайындалып жатыр», - деді Ноғаев.
Аймақ басшысы тамыз айында сол қондырғылар Маңғыстауға келе бастайтынын жеткізді. Әкім кыркүйек айының соңына дейін монтаждау жұмыстарын аяқтап, қазанда іске қосуға уәде берді.
Еске салайық, бұған дейін Ақтау тұрғындары пәтерлерде судың жоқтығына наразылықтарын білдіріп, үйлердің бірінің төбесіне "Ноғаев, су қайда" деп жазылған плакат іліп қойған еді.
Сондай-ақ, Мұнайлы ауданы тұрғындарының шағымынан кейін Тоқаев өңірді тұщы сумен қамту мәселесін шұғыл шешуді тапсырды.