Алматыда сот шешімінен кейін жолаушыларды тасымалдайтын «Автотрансгаз» ЖШС компаниясының қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әкімдік мәліметінше, міндеттемелерін орындамауына байланысты осы ұйымға талап қойылған. Компанияның барлық маршрутында толық қызмет көрсетілмей, тасымалдау сапасына теріс әсер етті. Жолаушылар тарапынан автобустардың жай-күйіне, жүріс аралығына және техникалық себеппен қозғалысқа шықпауына қатысты қисынды сын айтылды.
Сот талқылауы әкімдік пайдасына шешілгеннен кейін жұмыс күні маршруттардың тоқтауын болдырмау үшін «Автотрансгаз» ЖШС қызмет көрсеткен сегіз маршрут төрт тасымалдаушыға берілді.
Мәселен, №112 маршрутта «Алматыэлектротранс» ЖШС 5 автобустың орнына 10 автобус шығарады. Сонымен қатар коммуналдық автопаркке №126, 16 және №3 маршруттар берілді, онда желіде тиісінше 8, 9 және 2 автобус жүреді.
«ДуманТранском» компаниясына №29р (2 автобус) және №47 (12 автобустың орнына 16 автобус) бағыттары берілді.
№29 маршрут «Экобас» жеке тасымалдаушысына берілді, ол желіге 12 автобус шығарады.
№85 маршрутта енді «АвтоАлматранс» ЖШС қызмет көрсетеді, ол 10 автобусты іске қосты.
Енді Алматыда 24 компания жолаушылар тасымалымен айналысады.