Аланиядағы апат: ауыр халде жатқан қазақстандықтардың бірі қайтыс болды

Ғалиасқар Думан

Түркиядағы жол апатынан кейін ауыр халде жатқан қазақстандық турист көз жұмды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Бұл туралы  ҚР Сыртқы істер министрлігі мәлім етті.

«Аланиядағы апаттан зардап шеккен жолаушылардың бірі бүгін таңертең ауыр жарақат салдарынан ауруханада қайтыс болды. Қаза тапқан ҚР азаматының ұлы бүгін Анталияға келді және қазір біздің дипломаттармен бірге. Оған бүкіл қажетті көмек көрсетіледі», - делінген хабарламада.

Еске салайық, 30 шілдеде Түркияның Алания курортында қазақстандық туристер мінген шағын автобус апатқа ұшырағаны хабарланған.

Бұдан бұрын 12 азаматтың екеуінің жағдайы орташа ауыр екені белгілі болған.

“Оларға ота жасалды, барлық қажетті медициналық көмек көрсетіледі. Қалған 10 отандасымыздың, оның ішінде 4 баланың жағдайы қанағаттанарлық, өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ”, – деп мәлім етілген.